Accessibility links

Бішкек: Өлгендер арасында қазақстандық та бар


Антитеррорлық операция болған жерде жүрген қырғыз арнайы қызметі жасақтары. Бішкек, 16 шілде 2015 жыл.
Антитеррорлық операция болған жерде жүрген қырғыз арнайы қызметі жасақтары. Бішкек, 16 шілде 2015 жыл.

Қырғызстан билігі Бішкекте 16 шілдеде көзі жойылған күдікті содырлардың арасында түрмеден қашқан Қазақстан азаматы Жанболат Әміров те бар деп хабарлады. Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) баспасөз хатшысы Рахат Сулаймановтың мәлімдеуінше, Жанболат Әміров күдікті содырлар тобына жетекшілік еткен.

Рахат Сулаймановтың 17 шілдеде Азаттыққа айтуынша, "содырлар" Қырғызстанда бірнеше теракт жасауды, оның ішінде елдің солтүстігіндегі Ресей жалға алған Қант әскери базасында және Бішкекте айт намазы кезінде жарылыстар жасауды жоспарлаған.

Сулайманов бұған қоса 16 шілдеде Бішкектегі екі операцияда ИМ-ның алты "содырының" көзі жойылып, жетеуі ұсталғанын айтты.

"Тергеушілер бұл топ жарылыстар жасауға қажетті химиялық заттар сатып алу үшін Сириядан қаржы алғанын анықтады. Содырлар жасырынған үйді тінту кезінде үлкен көлемде қаржы, жеті мерген мылтығы, алты тапанша мен көптеген гранаталар табылды" деді Сулайманов.

Жанболат Әміров пен тағы бір қазақстандық Альберт Абхин өткен жылы Қырғызстанда "шекараны заңсыз кесіп өту" және "жалған құжат жасау" айыптарымен үш және төрт жылға сотталған. Маусым айында оларға қоныстандыру колониясынан қашып кетті деп іздеу жарияланып, шілденің басында қырғыз арнайы қызметі Абхинді өзін-өзі жарып жіберді деп хабарлаған.

Бішкектің оңтүстік бөлігіндегі үйге жасырынған күдікті топ мүшелерін ұстау операциясын 16 шілдеде Бішкекте қырғыздың "Альфа" арнайы жасағы жүргізген. Бішкек сыртында жүргізілген тағы бір операцияда топтың тағы екі мүшесі мерт болған. Операцияда арнайы жасақтың төрт сарбазы жараланған.​

Қырғызстан билігі Сирия мен Ирактағы ИМ қатарына қосылып жатқан қырғыз азаматтарының саны артып бара жатыр деп алаңдайды. Қырғыз арнайы қызметі соңғы айларда ИМ-ге адам тартты деген күдіктілерді тұтқындап, соңғы жылдары тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" және "Таблиғи Жамағат" діни ұйымдарының мүшелерін ұстаған.

Қырғыз полициясы мұсылмандардың ораза Айты мерекесі басталатын 17 шілде қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейткен.

XS
SM
MD
LG