Accessibility links

ҰҚК: Қазақстанда Абхин мен Әміров террорлық ұйым құрмаған


Қырғызстан арнайы қызметі ұстамақ болған күдіктілерге қарсы жүргізілген операция кезінде қираған үйдің орны. Бішкек, 17 шілде 2015 жыл.

Қырғызстан арнайы қызметі ұстамақ болған күдіктілерге қарсы жүргізілген операция кезінде қираған үйдің орны. Бішкек, 17 шілде 2015 жыл.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Бішкекте қырғызстандық күш құрылымдары жүргізген операциялар барысында қаза болған Қазақстан азаматтары Жанболат Әміров пен Альберт Абхинді «Қазақстанда террорлық ұйым басқарған» деген ақпаратты жоққа шығарады.

ҰҚК биыл мамыр айында Қырғызстандағы қоныстандыру колониясынан қашып кеткен Әміров пен Абхинді іздестіруде қырғызстандық әріптестеріне жәрдем көрсеткенін айтады.

«Нәтижесінде іздеуде жүрген екеуі де табылып, ұстау кезінде қарулы қарсылық көрсеткендігі үшін олардың көзі жойылды.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарындағы Абхин және Әміровтың Қазақстан аумағында террористік ұйым құрып, басшылық еткендігі жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды» делінген ҰҚК хабарламасында.

Бұған дейін Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) баспасөз хатшысы Рахат Сулайманов Бішкекте 16 шілдеде арнайы операция кезінде көзі жойылған күдіктілердің арасында болған Қазақстан азаматы Жанболат Әміровті «содырлар тобына жетекшілік еткен» деп сипаттаған. Сулаймановтың сөзінше, «содырлар Қырғызстанда бірнеше теракт жасауды, оның ішінде елдің солтүстігіндегі Ресей жалға алған Қант әскери базасында және Бішкекте айт намазы кезінде жарылыстар жасауды жоспарлаған».

Қазақстан азаматтары Жанболат Әміров пен Альберт Абхин былтыр Қырғызстанда «шекараны заңсыз кесіп өту» және «жалған құжат жасау» айыптарымен үш және төрт жылға сотталған. Маусым айында оларға қоныстандыру колониясынан қашып кетті деп іздеу жарияланып, шілденің басында қырғыз арнайы қызметі арнайы операция кезінде Абхиннің өзін-өзі жарып жібергені туралы хабарлаған. Кейін Абхиннің туысы оның сүйегін Қазақстанға алып қайтқаны туралы Азаттыққа айтқан еді.

XS
SM
MD
LG