Accessibility links

Ресей Арменияға «Гюмри ісі» материалдарын берген


Гюмридегі қылмысқа қатысты айып тағылған ресейлік әскери қызметкер Валерий Пермяков.
Гюмридегі қылмысқа қатысты айып тағылған ресейлік әскери қызметкер Валерий Пермяков.

Ресей сенбі күні Арменияның тергеу комитетіне Гюмри қаласында бір отбасының жеті адамын қырып тастаған қылмыс бойынша айып тағылған ресейлік әскери қызметкер Валерий Пермяковтың тергеу ісі материалдарын өткізіп берген.

Қылмыстық оқиғаға байланысты істі әуелде Армения мен Ресейде қатар қозғалған еді. Бірақ екі елдің бас прокуратуралары арасында ұзаққа созылған келіссөздерден соң Ресей тергеушілері бұл істің барлық материалдарын Армения жағына беретін болып келіскен. Армения бас прокуратурасы қылмыстық іс бойынша сот Арменияда өтеді деп хабарлады.

Бұған дейін осы істі Гюмриде орналасқан Ресей әскери базасында ресейлік сот құрамы қарайды деп хабарланған. Онымен келіспеген мыңдаған адам Арменияда наразылық шеруіне шығып, Пермяковты Арменияға беруді талап еткен.

Қаңтардың 12-сі күні Гюмри қаласында Аветисян отбасында бала-шағамен қоса жеті адам кісі қолынан қаза тапқан. Бұл қылмысқа қатысты күдікті ретінде ұсталған ресейлік әскери қызметкер Валерий Пермяковтың алдын ала тергеу кезінде айыбын мойындағаны туралы хабар тараған.

XS
SM
MD
LG