Accessibility links

АҚШ-тағы шабуыл құрбандары саны бес адамға жетті


Чаттанугадағы шабуылға күдікті Мұхаммад Юсуф Абдулазиз.

Чаттанугадағы шабуылға күдікті Мұхаммад Юсуф Абдулазиз.

АҚШ-тың Теннеси штатындағы Чаттануга қаласында жасалған қарулы шабуыл құрбандарының саны бес адамға жетті. Оқиға кезінде ауыр жараланған АҚШ әскери-теңіз күштері қызметкері сенбі күні ауруханада қайтыс болды.

Шілденің 16-сы күні қарулы ер адам әуелі армия қатарына еріктілерді тіркейтін орында, кейін сол жерден он шақырымдай жердегі жаттығу орталығында адамдарға оқ жаудырған.

Салдарынан АҚШ әскери-теңіз күштерінің төрт қызметкері оқиға болған жерде қаза тауып, жараланған екі адам – әскери-теңіз күштері офицері мен полиция қызметкері ауруханаға жеткізілген еді.

Бұл шабуылға күдікті – Кувейтте туған АҚШ азаматы Мұхаммад Юсуф Абдулазиз полициямен атыста оққа ұшқан.

Кейін мәлім болғанындай, Чаттанугадағы шабуылдан бір күні бұрын жолдаған хабаралмасында 24 жастағы Абдулазиз «соғыс жариялайтыны» туралы жазған, деп хабарлайды Reuters. Сонымен бірге ол Таяу Шығыстағы кикілжіңге наразы екенін білдірген.

Бұл оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатқан АҚШ федералдық тергеу бюросы әзірше Абдулазизді діни экстремистермен байланыстыратын қандай да бір айғақ-дәлел тапқан жоқ.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Абдулазиз мұсылман мейрамы – Рамазан айының аяқталуын атап өту үшін Чаттанугадағы туыстарына көршілес Франклин қаласынан келген.

XS
SM
MD
LG