Accessibility links

Франсуа Олланд еуро аймағын нығайтуға шақырды


Демонстранттар мен полицияның қақтығысы. Афина, Грекия, 15 шілде 2015 жыл.
Демонстранттар мен полицияның қақтығысы. Афина, Грекия, 15 шілде 2015 жыл.

Франция еуро аймағын нығайтып, оны күшті ұйымға айналдыруды қолдайды. Бұл туралы бүгін Journal du Dimanche басылымында жарияланған сұхбатында Франция президенті Франсуа Олланд мәлімдеген. Ол Грекия дағдарысынан шығар жол іздеген өткен апталарда «еуропалық рух» үстем болғанын айтқан. Бірақ бұл «қол қусырып қарап отыруға» болады деген сөз емес деген Олланд.

Франция президенті бұрынғы француз экономика және қаржы министрі әрі еуропалық ортақ валюта – еуроны дүниеге әкелгендердің бірі Жак Делордың идеясын дамыту қажет деп санайды. Алдағы дүйсенбіде туғанына 90 жыл толатын Делор «еуроүкімет» құруды ұсынған еді. Енді Франсуа Олланд бұл идеяны дамытып, арнайы бюджет қалыптастыруды, сонымен бірге шешім қабылдаған кезде «демократиялық бақылау» жүргізетін парламенттік орган құруды ұсынады.

France-24 телеарнасы 1992 жылғы Маастрихт келісімшарты бойынша ортақ валюта пайдаланатын мемлекеттер қарыз ақша алғанда және бюджет тапшылығына қарсы шаралар атқарғанда жалпыға ортақ ережені сақтауға тиіс екенін айтады. Бірақ Грекиядағы дағдарыс еуро аймағындағы 19 елдің біреуі бюджет дефицитінің біртіндеп ушыға беруіне және қарыздың өте көп мөлшерде қордалануына жол беріп қойғанын көрсетті. Проблеманы шешу ауыртпалығы еуропалық мекемелер мен Халықаралық қаржы қорының иығына артылды.

2011 жылы Жак Делор еуро аймағындағы дағдарыс мүше-мемлекеттерден не бұрынғыдан да тығыз экономикалық әріптестікке баруға, болмаса ұлттық өкілеттіктердің бір бөлігін Еуропа одағы орталық органдарына беруге келісуді талап етеді деп мәлімдеген.

Жексенбі күнгі сұхбатында Франсуа Олланд өз ұсынысының егжей-тегжейіне тоқталған жоқ, бірақ еуро аймағындағы жетекші құрылымдарды оңтайландыратын уақыт жетті деп атап айтқан.

XS
SM
MD
LG