Accessibility links

MH17 апатына қатысты жаңа видео жарияланды


Boeing 777 ұшағы құлаған орнында апат аумағына кіруге болмайтыны жазылған белгі. Украина, Донецк, Сәуір 2015 жыл.
Boeing 777 ұшағы құлаған орнында апат аумағына кіруге болмайтыны жазылған белгі. Украина, Донецк, Сәуір 2015 жыл.

Германиялық журналист, Донбасста жұмыс істеп, малайзиялық Boeing 777 ұшағы апатына қатысты айғақтар жинап жүрген Билли Сикс ұшақ апатқа ұшырағаннан кейінгі алғашқы минуттарда түсірілген видеоны жариялады. Видеоның сипаттамасында жазба 2014 жылдың 17 шілдесінде Грабово елді мекенінде түсірілгені айтылады.

Бір жарым минутқа созылатын видеода бір ер мен әйел қара түтін будақтап жатқан алқап қасынан көлікпен өтіп бара жатады. Видеоны көлік терезесінен ұялы телефонға әйел адам түсірген. Олар адам денелерін байқап, не болғанын бірден түсіне алмайды. Бірақ ер адам дереу алқапқа "ұшақ немесе тікұшақ құлаған болуы керек" деген болжам жасайды. Жүргізуші ер адам аз уақытқа ғана көліктен шығады да, қайтадан өз жолдарымен кетіп қалады.

Ұшақ құлағанына бір жыл толған 17 шілде күні австралиялық News Corp медиакомпаниясы апаттан көп ұзамай түсірілген видеожазбаны жариялаған. Видеода сепаратистердің жолаушылар заттарын тексеріп, апат орнын суретке түсіріп ұшақтың кімдікі екенін анықтауға тырысып жатқаны байқалады.

Басты болжам бойынша, ұшақты Украина территориясында зымыранмен атып түсірген. Украина билігі ұшақты ресейшіл сепаратистер ресейлік "Бук" зымыран кешенімен Ресей әскерилерінің көмегімен атып түсірген дейді. Бірақ Ресей билігі мұны жоққа шығарып, ұшақты украиналық жойғыш ұшағының немесе украиналық "Бук" зениттік кешенінің зымыраны атып түсірді деген болжам айтады. Халықаралық тергеу тобының ұшақ апатына қатысты алғашқы ресми қорытындысы 2015 жылдың күзінде жарияланады.

"Malaysian Airlines" компаниясының MH17 рейсімен Амстердамнан рейсімен Куала-Лумпурге ұшып шыққан Boeing 777 ұшағы апатынан борттағы 298 адам түгел қаза тапқан. Олардың 196-сы Нидерланды азаматтары.

XS
SM
MD
LG