Accessibility links

Гүлнара Каримова ісіне қатысы бар қауіпсіздік шенеунігі ұсталған


Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова.

Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова.

Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі бастығының бұрынғы орынбасары, президент Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың коррупциялық қылмысына қатысты тергеуге басшылық еткен Хайот Шарифходжаев тұтқындалды.

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, генерал Шарифходжаевтың өткен аптада коррупция және қаржы жымқыру айыбы бойынша қамалғаны енді мәлім болған. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің аты-жөнін айтпауды өтінген шенеунігі 52 жастағы Шарифходжаевтың Ташкенттегі Гвардейский түрмесінде қамауда отырғанын айтқан.

Хайот Шарифходжаев - Гүлнара Каримованың ісімен байланысы бар қамауға алынған алғашқы шенеунік. Бірақ оның ұсталуының Каримованың ісімен тікелей байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Сәуір айында Шарифходжаев қызметінен алынып, Ташкенттегі Ұлттық қауіпсіздік қызметі мектебіне оқытушылық қызметке тұрған.

Бір кездері әкесі Ислам Каримовтың ең ықтимал мұрагері саналған Гүлнара Каримова коррупциялық жанжалға шатылып, өткен жылы Өзбекстандағы медиа ресурстарынан айырылған. Каримова 2014 жылдан бері үйқамаққа алынып, коррупциялық қылмысқа қатысты тергеліп жатыр.

XS
SM
MD
LG