Accessibility links

Азаптау ісіне қатысты бұрынғы үш полицей сотталды


Николай Синявин. Қыркүйек, 2014 жыл. Сурет отбасылық архивтен алынды.

Николай Синявин. Қыркүйек, 2014 жыл. Сурет отбасылық архивтен алынды.

22 шілде күні түнге қарай Қарағанды облысының Нұра ауданында мүгедек адамды азаптады деп айыпталған бұрынғы полицейлер ісіне қатысты сот аяқталды. Сот Нұра аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы үш полицейін осы ауданның Ахмет ауылының тұрғыны, 33 жастағы мүгедек Николай Синявинді «Алдын ала келісім бойынша топпен адам азаптады" деген айыппен үш жылға соттады.

Тергеу барысында олар "қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және құқық қорғау органы беделіне нұқсан келтіргені үшін" қызметтен босатылған. Сот айыпталушылардың өздерін қамауға алмауы үшін өткізген ақшаларын қайтармауға шешім шығарды.

- Сот полицейлерді жазасын үш жыл жалпы режимдегі колонияда өтеуге және ішкі істер органдарында белгілі бір лауазымды қызметтер атқару құқығынан айыруға үкім етті. Үкім 15 күннен кейін күшіне енеді. Бір куәгерге қатысты істі сот жалған куәлік бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдауға Нұра аудандық прокуратурасына жолдады, - деді Азаттыққа істі қараған судья Сәлім Жүпенов.

Николай Синявин Азаттыққа сот шешіміне қанағаттанатынын білдірді. Жәбірленушінің анасы сотқа моральдық және материалдық шығынды өндіріп беру шағым әзірлеп жатқанын айтты.

Полицейлер өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Үкім жарияланатын сот отырысына айыпталушылардың адвокаты Павел Фейст қатысқан жоқ. Адвокат Азаттық тілшісіне комментарий беруден бас тартты.

Николай Синявин бұрынғы үш полиция қызметкерін өзін азаптады деп айыптаған. Оның айтуынша, Нұра ауданындағы полиция бөлімшесінде өткен тергеуден соң мойын омыртқасы сынып, белі мен басына зақым келген. Синявин прокуратураға өтініш берген соң, қылмыстық іске қатысты тергеу жұмыстары бір жылға созылды. Николай Синявин полицияның үш қызметкері өзіне «ұрлық жасадым деп мойындату үшін физикалық және психикалық зақым келтірді» дейді.

XS
SM
MD
LG