Accessibility links

Йеменде коалиция күштері әуе соққысын үдетті


Аден қаласында шайқас болған жердегі түтін. Йемен, 19 шілде 2015 жыл.
Аден қаласында шайқас болған жердегі түтін. Йемен, 19 шілде 2015 жыл.

Йеменде Сауд Арабиясы бастаған халықаралық коалиция күштері уақытша бітім туралы келісім күшіне енуге бірнеше сағат қалғанда Сана қаласы мен оның маңындағы шиит хуситтерінің позицияларына әуеден үдете соққы бере бастады. Бұл туралы жергілікті тұрғындарға сілтеп ақпарат агенттіктері хабарлады.

Коалиция өкілдері бүгін түнде күшіне енетін бес күндік бітімді сақтайтыны туралы мәлімдеген. Бұл бітім бейбіт тұрғындарға гуманитарлық жәрдем жеткізу үшін жасалған.

Қарсылас тараптар шілденің 24-і күні Таиз провинциясын бомбалаудан кейін бітім туралы келісімге келген еді. Сол жолғы әуе соққысынан кемінде 80 адам (арасында бейбіт тұрғындар бар) қаза тапқан.

25 миллион тұрғыны бар Йеменде халықтың 80 пайыздан астамы қандай да бір гуманитарлық көмекке зәру.

Бұған дейін шілде айында БҰҰ-ның арағайындық етуімен жасалған жеті күндік бітім бұзылған еді.

Иранның қолдауына сүйенетін хуситтерге қарсы әуе шабуылдары наурызда басталған. Халықаралық коалиция хуситтер көтерілісінен соң шетелге қашқан Йемен президенті Абд-Раббу Мансур Хадиді билік басына қайтарғысы келеді.

XS
SM
MD
LG