Accessibility links

Ақордаға балаларымен барған әйелге уақытша пәтер беріледі


Жеңісгүл Ермұхамет сегіз баласын ертіп Ақорданың алдына келді. Астана, 29 шілде 2015 жыл.
Жеңісгүл Ермұхамет сегіз баласын ертіп Ақорданың алдына келді. Астана, 29 шілде 2015 жыл.

Биліктен жәрдем сұрап Ақорданың алдына шыққан астаналық тұрғын Жеңісгүл Ермұхаметтің отбасына уақытша паналайтын екі бөлмелі пәтер берілетін болды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Ләззат Абуева Жеңісгүл Ермұхаметті қабылдап, оған уақытша пәтер беретінін айтқан.

Үшінші топтағы мүгедек Жеңісгүл Ермұхамет отбасында сегіз бала барын, күйеуінің екінші топтағы мүгедек екенін, 2004 жылы Қытайдан Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қоныс аударған отбасы былтыр Астанаға көшіп келгенін айтады. Сөзіне қарағанда, осы кезге дейін 35 мың теңгеге баспана жалдап тұрып келген.

Сегіз баласымен бірге Ақорданың алдына келген Жеңісгүлге қалалық прокуратура мен қала әкімдігінен келген өкілдер «әкімдікке барып сөйлесуді" ұсынған. Бірақ өзін президент Назарбаевқа жолықтыруды талап еткен әйел әкімдікке барудан бас тартқан. Бұдан соң полицейлер әйелді балаларымен бірге көлікке күштеп отырғызып, Ақорданың алдынан алып кеткен.

Осы ақпаратты таратуға Ақорда алдына барған Азаттық тілшісі Руслан Ботайұлынан полицейлер журналистік құралдарын тартып алып, өзін күштеп алып кеткен.

Көлікке салып, Ақорданың алдынан алып кеткен соң, біршама уақыттан кейін, полиция өкілдері журналистің заттарын өзіне қайтарып, босатқан.

XS
SM
MD
LG