Accessibility links

АТМ кәсіподағы жалақыны аз ғана азайтуға келіседі


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы цехтарының бірі. (Көрнекі сурет).

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы цехтарының бірі. (Көрнекі сурет).

Металлургтердің "Жақтау" кәсіподағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жұмысшылар жалақысын 25 пайызға қысқарту шешімін "негізсіз" деп атады. Кәсіподақ басшылығы жалақының кәдімгідей азайтылуына келісе алмайтындарын мәлімдеді.

"Жұмысшыларымызға бұл қиын тиеді. Біз ұсынған ұсыныстардың бірі еңбек ақы қорын 10 пайыздан асырмай қысқарту болған және бұл тек қосымша төлемдер мен сыйақыларға ғана қатысты болуы керек. Бізде жағдайдан шығатын жолды табуға бір ай уақыт бар. Қазір біз басшылықпен келіссөзді ары қарай да жүргізуге даярмыз. Біз компания шығынын жұмысшылар жалақысынан ғана емес, басқа жолмен де азайтуды ұсына аламыз" деген кәсіподақ төрағасы Виктор Щетин кәсіподақ ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде.

"Жақтау" кәсіподағы басқа нақты қандай ұсыныстары барын айтпаған. Кәсіподақ бұған қоса компания басшылығы кәсіподақ пен жұмысшыларға жалақыны азайтатыны туралы заңда талап етілгендей бір ай бұрын ескертпегенін айтады.

Осы аптада "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жалақы қоры 89 миллион АҚШ долларына қысқаратынын, бұл жұмысшылар жалақысын 25 пайызға қысқартуға әкеп соғатынын мәлімдеген. Компнаия бұл шешімін "нарықтағы жағдайдың қиындығынан туындап отыр" деп түсіндіреді.Бүгін компанияның баспасөз қызметі "АрселорМиттал Теміртау" жұмысшылар жалақысын қысқарту ниетінен бас тартпайтынын хабарлады.

Ал Қарағанды облысы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков компнаияның жұмысшылар жалақысын қысқартуына қатысты мәселеде түсіністікке қол жететінін айтты.

XS
SM
MD
LG