Accessibility links

АҚШ Мулла Омардың өлгенін растады


«Талибан» жетекшісі Мулла Омар.

«Талибан» жетекшісі Мулла Омар.

АҚШ үкіметі «Талибан» жетекшісі Мулла Омардың өлгенін растады. Жұма күні тараған Ақ үй мәлімдемесінде оның өлімі «Ауғанстанда тұрақтылық пен қауіпсіздік орнату жолында бұдан да үлкен прогреске қол жеткізуге мүмкіндік беретіні» айтылған.

Сонымен бірге, Вашингтон Мулла Омардың өлімінің жай-жапсары анық еместігін де атап өткен.

Бейсенбі күні «Талибан» өкілі Мулла Омардың өлгенін растағанымен, нақты қай кезде қаза болғаны жайлы ақпарат бермеген. Хабарламада тек Омардың «біраз уақыт бұрын ауырып қайтыс болғаны» ғана айтылады.

Оның алдында Ауғанстан билігінің өкілі Азаттыққа Мулла Омардың 2013 жылы сәуірде Пәкістанның Карачи қаласында ауруханада белгісіз аурудан өлгенін айтқан.

«Талибан» қозғалысының негізін қалаушылардың бірі әрі оның жетекшісі болған Мулла Омар 2001 жылы АҚШ бастаған халықаралық күштер Ауғанстанға басып кіріп, «Талибан» қозғалысын биліктен кетіргеннен бері көпшілік алдында шықпаған. Биыл көктемде «Талибан» қозғалысы осы ұйымға басшылыққа келгеніне 19 жыл толу құрметіне Молла Омардың өміріне қатысты көлемі бес мың сөзден асатын ақпаратты интернетте жария етті.

Ұзақ жылдардан бері жұрт көзіне түспеген Мулла Омардың өлгені туралы ара-тұра хабарлар тарағанымен, әр кезі «Талибан» ондай сөзді қауесетке балап, жоққа шығарып келген.

XS
SM
MD
LG