Accessibility links

Бин Ладендерге тиесілі ұшақ Лондон маңында құлаған


«Әл-Қаида» террористік ұйымының бұрынғы жетекшісі Осама бин Ладен.
«Әл-Қаида» террористік ұйымының бұрынғы жетекшісі Осама бин Ладен.

Ұлыбританияның Гэмпширінде құлаған жеке меншік ұшақ Осама бин Ладеннің отбасыныкі болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр. Ұшақ апаты салдарынан төрт адам қаза тапқан, оның біреуі – ұшақты басқарған ұшқыш. Қалған үшеуінің кімдер екені айтылмайды.

Сауд Арабиясында тіркелген Phenom 300 реактивтік ұшақ Лондоннан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан Ятли қаласындағы Блэкбуш әуежайына қонбақ болған кезде апатқа ұшыраған.

Италияның Милан қаласынан Ұлыбританияға жеткенде жерге құлаған бұл ұшақ «Әл-Қаида» террористік ұйымының бұрынғы жетекшісінің отбасы иелігіндегі әуе компаниясының меншігі деп хабарланды.

Сауд Арабиясының Ұлыбританиядағы елшілігі Осама бин Ладеннің отбасына көңіл айтқан, бірақ мерт болғандардың аты-жөні аталмаған. Хабарламада саудиялық елші ханзада Мохаммед бин Наваф бин Абдул Азиздің бин Ладендер отбасына қайғыларына ортақтасып көңіл айтқаны жазылған.

Апат болған әуежай әкімшілігі ұшақтың ұшып-қону алаңына жетпей жерге құлағанын мәлімдеді.

Ұшып-қону алаңы бітетін тұсқа жақын маңда автокөлік аукционы өтіп жатқан. Ұшақ көліктердің үстіне құлап, бірнеше көлік жанып кеткен. Куәгерлер бірнеше жарылыс дыбыстарын естігендерін, сосын ұшақ құлаған жерден әуеге өрт пен түтін көтерілгенін көргендерін айтады.

Сауд Арабиясының азаматтық авиация басқармасы ұшақтың осы елде тіркелгенін хабарлап, апат себебін анықтау шараларына көмектесетінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG