Accessibility links

Шығыс Украинада атыстан екі әскери мерт болған


Горловкадағы атыста жараланған жеті жасар ұл баланың жағдайын бақылап тұрған дәрігер. 30 шілде 2015 жыл.

Горловкадағы атыста жараланған жеті жасар ұл баланың жағдайын бақылап тұрған дәрігер. 30 шілде 2015 жыл.

Украинаның шығысындағы жанжал аймағында өткен тәулікте украиналық екі әскери қаза тауып, тағы 14-і жараланған. Бұл туралы Украина президенті әкімшілігінің баспасөз хатшысы Андрей Лысенко хабарлаған.

Әскерилер мен жергілікті билік өкілдері бейбіт тұрғындар арасында үш адам жараланғаны туралы хабарлады.

Лысенконың мәліметі бойынша, тамыздың 1-іне қараған түні сепаратистер Донецк және Луганск облыстарындағы Авдеевка, Опытное, Пески, Марьинка, Красногоровка, Майорское, Луганское, Зайцево және басқа елдімекендерді атқылаған.

Атысты тоқтату мәселелерін үйлестіру және бақылау жөніндегі бірлескен орталықтың мәлімдемесінде мыңдаған тұрғыны бар Горловка қаласының орталығынан сепаратистердің артиллериялық қарудан атқылағаны Минск келісімдерін бұзу ғана емес, сонымен бірге әскери қылмыс болып саналатыны айтылған.

Украина жағының өкілдері бұны жанжалды өршітіп, Минскіде байланыс тобының тамыздың 3-іне белгіленген кезекті кездесуіне қарсы бағытталған деп бағалайды.

Өзін өзі жариялап алған «Донецк халық республикасы» өкілдері болса Горловкаға дүркіндете оқ жаудырды деп украиналық әскерилерді айыптап отыр. Олардың мәлімдеуінше, қалаға қарай 500-ден аса артиллериялық снаряд атылып, бес адам жараланған, бес үй қираған.

XS
SM
MD
LG