Accessibility links

Астана Вильнюстен Сырым Шалабаевты сұрамақшы


Интерполдың ресми сайтындағы Сырым Шалабаевқа іздеу жарияланғаны туралы ақпарат.

Интерполдың ресми сайтындағы Сырым Шалабаевқа іздеу жарияланғаны туралы ақпарат.

Қазақстан бас прокуратурасы Литвадан Сырым Шалабаевты беруді сұрамақшы деп хабарлады «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі.

«Қазіргі уақытта бас прокуратура Қазақстанның коррупцияға қарсы қызметімен бірлесіп, Қазақстан мен Литва арасында 1994 жылы жасалған азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық жәрдем және құқықтық қатынас туралы келісім аясында Литваның құзыретті органдарына Сырым Шалабаевты Қазақстанға экстрадициялау жайлы өтініш дайындап жатыр» делінген бас прокуратураның агенттікке жауабында.

Қазақстанда Шалабаевқа қарсы «БТА Банк» акционерлік қоғамының аса ірі – 175 миллион доллар көлеміндегі мүлкін талан-таражға салған және жымқырған, сонымен қатар, Мұхтар Әблязовтың басшылығымен заңсыз тапқан ақшаны заңдастырған деген айыптар бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі қозғалған дейді бас прокуратура.

«БТА Банктің» бұрынғы басшысы әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің балдызы Сырым Шалабаев соңғы екі жыл бойы Интерпол тарапынан халықаралық іздеуде болып, биыл шілденің 28-і күні кешке Литва астанасында ұсталған. Вильнюс аумақтық соты Шалабаевтың экстрадиция мәселесі қаралғанға дейін үш ай қамауда ұстауға шешім шығарған.

Бұған дейін 2011 жылы маусымда Ұлыбритания соты «Әблязов ісін» қарау кезінде тексеру жұмыстарына жәрдем бермегені және сот үкімін сыйламағаны үшін Сырым Шалабаевты 18 айға қамау жазасына кесу туралы сырттай үкім шығарған еді.

2013 жылы Францияда ұсталғаннан бері сол елде түрмеде отырған Мұхтар Әблязовты бұған дейін Лион соты Украина немесе Ресейге экстрадициялауға санкция берген. Оның апелляциялық шағымын Францияның жоғарғы кассациялық соты қанағаттандырмай тастаған. Әблязовты экстрадициялау туралы түпкілікті шешімді енді Франция үкіметі қабылдауы тиіс.

2009 жылы ақпанда өзі басқарып келген «БТА Банк» мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кеткен Мұхтар Әблязовты кейін Қазақстан билігі «банктен 6 миллиард доллар жымқырды» деп айыптаған. Ал Әблязов Қазақстан билігі өзін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынағаны үшін саяси астары бар себептермен қудалап отыр деп есептейді.

XS
SM
MD
LG