Accessibility links

Ресейде тікұшақ құлап, ұшқыш қаза тапты


Ресейлік Ми-28Н әскери тікұшақтары авиашоу кезінде. Кубинка, 16 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресейлік Ми-28Н әскери тікұшақтары авиашоу кезінде. Кубинка, 16 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Бүгін Ресейдің Рязан облысындағы авиашоу кезінде әскери Ми-28Н тікұшағы апатқа ұшырап, жерге құлады. Тікұшақтағы екі ұшқыштың бірі қаза тауып, екіншісі катапульт көмегімен секіріп үлгерген. Куәгерлердің айтуынша, әуеде ұшып жүрген тікұшақтың құйрығындағы винт істен шығып, бір жағына қарай ауған ол жерге құлап түсіп, өртенген.

Рязандағы «Дубровичи» әуе полигонында өтіп жатқан «Авиадартс» халықаралық байқауына, БАҚ мәліметтері бойынша, төрт елден – Беларусь, Қазақстан, Қытай және Ресейден 50-ден астам экипаж қатысып жатыр.

Биылғы жаздың басынан бері Ресей әскери әуе күштері алты әскери ұшағынан айырылды. Шілденің 14-і күні Хабаровскіде төрт двигателі бірдей істен шыққан Ту-95 бомбалаушы ұшағы құлап түсіп, екі ұшқыш қаза тапқан. Тура сондай тағы бір бомбалаушы ұшақ маусым айында Амур облысында құлап, бір ұшқыш мерт болған еді.

Шілденің 6-сы күні Су-24 әскери ұшағы апатқа ұшырап, екі ұшқыш опат болған. Содан үш күн бұрын Краснодар аймағында МиГ-29 ұшағы құлап түскен. Маусым айының басында дәл сондай ұшақ Астрахан түбінде апатқа ұшыраған. Сол шамада Воронеж облысында аэродромда Су-34 бомбалаушы ұшағы аударылып қалған.

XS
SM
MD
LG