Accessibility links

Жапонияда атом бомбасы құрбандарын еске алды


Хиросима қаласында атом бомбасы шабуылы құрбандарын еске алу шарасы. Жапония, 6 тамыз 2015 жыл.

Хиросима қаласында атом бомбасы шабуылы құрбандарын еске алу шарасы. Жапония, 6 тамыз 2015 жыл.

Жапонияда бүгін бұдан 70 жыл бұрын Хиросима қаласына тасталған атом бомбасы құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Еске алу Токио уақыты бойынша сағат 8:15-те жарияланды. 1945 жылы 6 тамыз күні дәл осы уақытта Хиросимаға атом бомбасы тасталған. Қоңырау сыңғыры еске алу секундын санап тұрды.

Қаралы рәсімге 50 мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ де бар. Жиналғандар алдында сөйлеген Абэ "Мен атом бомбасынан құрбан болғандардың, олардың туыстары мен апатты бастан өткергендердің барлығының қайғысына ортақпын. Мен біз әлемді ядролық қарудан толықтай бас тартқызуға қол жеткізетінімізге уәде етемін" деді. Жапония премьері БҰҰ-ға ядролық қарудан арылуға шақыратын жаңа қарар жобасын ұсыну ниеті барын да жеткізді.

Хиросима мен 1945 жылы 9 тамызда атом бомбасы тасталған екінші қала Нагасакидегі еске алу шараларына АҚШ мемлекеттік хатшысының халықаралық қауіпсіздік және қарулануды бақылау жөніндегі орынбасары Роуз Геттемюлер қатысып жатыр. Ол жыл сайын өтетін еске алу шарасына АҚШ атынан келіп отырған алғашқы жоғары шенді өкіл саналады.

1945 жылы 6 тамызда АҚШ әскерилері Хиросима қаласына, 9 тамызда Нагасаки қаласына атом бомбасын тастаған. Жарылыстардан түрлі мәліметтер бойынша 150 мыңнан 250 мыңға дейін адам құрбан болды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Жапония осы шабуылдардан соң көп ұзамай жеңілгенін мойындады.

XS
SM
MD
LG