Accessibility links

Басылым: Франция Ресейге "Мистральдің" өтемақысын төледі


Францияның Сен-Лазар қаласы портында тұрған "Мистраль" типтес тікұшақ тасымалдаушы кеме.
Францияның Сен-Лазар қаласы портында тұрған "Мистраль" типтес тікұшақ тасымалдаушы кеме.

Франция Ресейге "Мистраль" типтес тікұшақ тасымалдаушы екі кемесін жасап беру келісімін бұзғаны үшін өтемақы ретінде бір миллиард еуродан астам қаржы төледі деп жазды ресейлік "Коммерсант" басылымы.

Дереккөзіне сілтеме жасаған басылымның хабарлауынша, қаржы ЮКОС компаниясы ісіне қатысты арест салынуы мүмкін деген қауіппен құпия түрде ресейлік банктердің біріне аударылған. Себебі Гаага соты Ресейді ЮКОС-тың бұрынғы акционерлеріне 50 миллиард АҚШ долларын төлеуге міндеттеген.

5 тамызда Ресей мен Франция президенттері Ресейге екі "Мистраль" тікұшақ тасымалдаушы кемесін жасап беру туралы келісім күшін тоқтатуға шешім шығарған. Келісім бойынша, Франция құрастырған "Мистраль" типтес "Владивосток" және "Севастополь" деп аталатын екі кеме Францияда қалады.

1 миллиард 300 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімге 2011 жылы қол қойылған. Өткен жылы Париж Еуропа Одағы Ресейге Қырымды заңсыз аннексиялап, Украина шығысындағы қақтығысқа араласқаны үшін санкция салған соң кемелерді жеткізуден бас тартқан.

XS
SM
MD
LG