Accessibility links

Польшаның жаңа президентін ұлықтау салтанаты өтті


Польшаның жаңа сайланған президенті Анджей Дуда жұбайы Агата Корнхаузер-Дудамен бірге ұлықтау салтанатында. Варшава, 6 тамыз 2015 жыл.
Польшаның жаңа сайланған президенті Анджей Дуда жұбайы Агата Корнхаузер-Дудамен бірге ұлықтау салтанатында. Варшава, 6 тамыз 2015 жыл.

Варшавада бүгін Польшаның жаңа сайланған президенті Анджей Дуданы ұлықтау салтанаты өтті. Азаттықтың Орыс редакциясының тілшісі Алексей Дзикавицкийдің хабарлауынша, Анджей Дуда ант қабылдағаннан кейін салтанатқа қатысушы депутаттар, қызметінен кетіп жатқан президент Бронислав Комаровский және дипломаттар алдында сөйледі. Дуда сөзінде Польшада шұғыл реформалар жасау қажетін айтты.

"Көпшілік жұрт қазір сенбейтін шығар, бірақ мен сайлау алдында берген уәдемді орындаймын. Мен - иілмейтін және өз сенімім бар адаммын. Мен мұны жасай алатыныма сенемін" деді Анджей Дуда.

Ұлықтау қарсаңында Дуда егер президенттік қызметінің алғашқы жылында таяуда көтерілген зейнетке шығу жасын азайту және салық төлеуден босатылған табыс көлемін арттыру туралы заң жобаларын даярлап, парламентке жібере алмаса қызметінен кететінін мәлімдеген.

Бұдан өзге ол НАТО-ның Польша мен Орталық және Шығыс Еуропадағы өзге де мемлекеттер қауіпсіздігіне кепілдігін күшейту және Польшаның мықты және жақсы жарақталған өз армиясын құру қажетін де айтты.

Анджей Дуда президент сайлауында 52 пайыз дауыс жинап жеңіске жеткен. Оның бәсекелесі Бронислав Комаровский 48 пайыз дауыс жинаған. Польшаның ең ірі оппозициялық "Құқық және әділеттілік" партиясы ұсынған Дуда Польшаның коммунистік режим құлаған 1989 жылдан бергі алтыншы президенті болып отыр.

XS
SM
MD
LG