Accessibility links

Иранда Washington Post журналисінің соты аяқталды


Washington Post журналисі Джейсон Резаянның анасы Мари Резаян (оң жақта) мен әйелі Еганэ Салехи соттан шығып келеді. Тегеран, 10 тамыз 2015 жыл.
Washington Post журналисі Джейсон Резаянның анасы Мари Резаян (оң жақта) мен әйелі Еганэ Салехи соттан шығып келеді. Тегеран, 10 тамыз 2015 жыл.

Тегеранда Washington Post газетінің журналисі Джейсон Резаянның үстінен жүріп жатқан сот процесі аяқталды. Басылымның Тегеран бюросының басшысы Джейсон Резаянға "Иранға қарсы тыңшылық жасады" деген айып тағылған. Адвокаты Резаянға қандай үкім шығатыны "бір апта ішінде" белгілі болатынын хабарлады.

Washington Post сотты "алдау", "фарс пен трагедияның сәтсіз шыққан қосындысы" деп атады. Кешегі сот отырысында Резаян өзін қорғап соңғы рет сөйлеген.

Иран және АҚШ азаматы, 39 жастағы Резаянның қамауда отырғанына бір жылдан асты. Баспасөз құқығын қорғау ұйымдары оған тағылған айыптарды жалған деп атаған.

Сот ғимараты алдында Резаянның анасы Мари Резаян ұлын кінәсіз деп санайтынын айтып, оның "Тегеран мен Вашингтон арасындағы салқын дипломатиялық қарым-қатынастың құрбаны болғаны" жайлы мәлімдеме жасады. Мари Резаян түрмеде денсаулығына зақым келген журналист "екі ел арасындағы өзара күдік, жаулық пен психикалық дерттің сазайын тартып жатқанын" айтты.

Washington Post-тың атқарушы директоры Мартин Баронның сөзінше, "Резаянға енді не болатыны тіпті оның адвокатына да белгісіз". "Сотта ашықтық пен әділдіктің ұшқыны да болмады және бұл тенденция өзгермей тұр. Бір ғана нәрсе айқын, ол - Резаянның кінәсіздігі" деді Мартин Барон.

XS
SM
MD
LG