Accessibility links

Жапонияда 4 жылдан соң алғашқы АЭС қосылды


Жапонияның оңтүстік-батысындағы "Сэндай" АЭС-і.

Жапонияның оңтүстік-батысындағы "Сэндай" АЭС-і.

Жапонияда 2011 жылы Фукусима атом электр станциясындағы дағдарыстан кейін тоқтаған Кюсю аралындағы атом электр станциясы қайта іске қосылды.

Токиодан 997 километр қашықтықтағы "Сэндай" АЭС-ін басқаратын Kyushu Electric Power коммуналдық компаниясы атом реакторының 11 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 10:30-да қосылғанын хабарлады.

Компанияның мәліметінше, 31 жыл жұмыс істеген реактор "Фукусима" АЭС-ін апатқа соқтырған факторларды ескере отырып қатаң қауіпсіздік жағдайында жұмыс істеп жатқанын айтты. Болжам бойынша, 14 тамызға қарай реактор толық қуатында жұмыс істеуге көшеді.

2011 жылы күшті жер сілкінінен туындаған цунами "Фукусима Дайичи" АЭС-інде салқындату жүйесіне зақым келтіріп, станциядағы бірнеше реактор балқып кеткен. Апат салдарынан АЭС орналасқан аумақтан 100 мыңнан астам адам эвакуацияланып, кейін Жапониядағы барлық атом реакторларының жұмысы тоқтатылған.

Жапониялықтар арасында АЭС-ке қарсы көңіл-күй әлі басым. "Сэндай" АЭС-і іске қосылған соң Кюсю аралындағы АЭС алдына 200-ге тарта адам наразылық танытып шыққан.

Жапонияның коммуналдық компаниялары тағы 23 атом реакторын қайта іске қосуға өтініш білдірген.

XS
SM
MD
LG