Accessibility links

Ахметов ісі: Әкімдік қаржы өндіру туралы шағым түсірді


Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов ісі бойынша сотталушылар мен олардың адвокаттары сот залында. Қарағанды, 10 тамыз 2015 жыл.

Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов ісі бойынша сотталушылар мен олардың адвокаттары сот залында. Қарағанды, 10 тамыз 2015 жыл.

Қарағанды әкімдігі бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің ісі бойынша сотталып жатқан бұрынғы бірнеше шенеуніктің үстінен жүздеген миллион АҚШ долларын өтеп беру туралы шағым түсірді. Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында өтіп жатқан сот процесінде бүгін әкімдіктің мемлекетке келген шығын ретінде қаржы өндіруді талап ететіні белгілі болды.

Шағым Серік Ахметов, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхтар Адамбеков, Қарағанды коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Айдос Жәкенов пен қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы Мәрлен Шалтақовтың үстінен түскен.

Сотталушылар шағыммен келіспейтінін мәлімдеп, оған қатысты әлі тергеу жүрмегендіктен соттан оны қабылдамауды сұрады. Судья Исламхан Есенбаев әкімдік қылмыстық істе жәбірленуші ретінде тартылғандықтан сот процесі барысында талап шағымын білдіруге хақы барын айтты.

Қарағандыда 27 шілдеде басталған сотта Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов пен облыстық және қалалық әкімдіктің 21 қызметкеріне қатысты іс қаралып жатыр. 21 адамға қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану, бюджет қаржысын жымқыру, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысуға қатысты айыптар тағылған. Серік Ахметовке бұдан өзге, "аса ірі көлемде пара алды" деген де айып тағылып отыр. Сот ісіне 300-ге тарта адам куәгер ретінде тартылған.

Бүгін сотта Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішев өздеріне тағылған айыпты мойныдамайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG