Accessibility links

АМТ жалақыны азайту бұйрығын заңды деп тануды талап етеді


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясындағы темір құю цехтарының бірі. (Көрнекі сурет).

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясындағы темір құю цехтарының бірі. (Көрнекі сурет).

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы бүгін Қарағанды облыстық экономикалық сотына жұмысшылары жалақысын 25 пайызға азайту туралы бұйрықты заңды деп танып, мемлекеттік еңбек инспекциясының бұйрықты заңсыз деп таныған ұйғарымының күшін жоюды талап етіп шағым түсірді.

Бұған дейін еңбек инспекциясы жұмысшылар жалақысын 25 пайызға қысқарту туралы бұйрықты заңдыз деп тауып, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын 13 тамыз күнгі сағат 13-ке дейін бұйрықты жоюға міндеттеген.

"Интерфакс" агенттігінің Теміртау қалалық еңбек заңдылығын қадағалау бөлімінің жетекшісі Ерболат Дүсіповке сілтеме жасап хабарлауынша, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы басшылығы инспекцияға міндеттемені орындамайтынын ескерткен. "Компания бүгін Қарағанды облыстық экономикалық сотына шағым түсіріп, менің ұйғарымымды еңбек заңнамаларына қайшы деп тануды талап еткен. Біз сот ісі аяқталғанға дейін бұйрықтың күшін уақытша тоқтата тұру туралы қарсы шағым береміз" деген Дүсіпов.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы бүгін таратқан хабарламада жалақыны азайту "компания кәсіпорындарының бәсекеге қабылеттілігін арттыру үшін" қажет екені айтылған. Компания бұған қоса "жұмысшыларды қысқартудан гөрі жалақыны азайту оңды болатынын" айтып, бұл мәселеге қатысты кәсіподақ жетекшілерімен келіссөзді жалғастыра беретінін айтқан.

4 тамызда "АрселорМиттал Теміртау" басшылығы 4 қыркүйектен бастап жұмысшыларының "жалақы қорындағы төлемін 25 пайызға қысқарту туралы" бұйрық шығарған. Компания басшылығы жалақыны азайтуға "металл өнімдеріне сұраныстың азаюы мен шикізат бағасының арзандауы және нарықтағы жағдайдың қиындығы" себеп дейді.

XS
SM
MD
LG