Accessibility links

Орал тәлімбағын ғимаратынан шығармақ


Оралдағы тәлімбақ жалға алған жай. 18 тамыз 2015 жыл.
Оралдағы тәлімбақ жалға алған жай. 18 тамыз 2015 жыл.

Батыс Қазақстан ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтының басшылығы қазан айынан бастап жануарлар құқығын қорғайтын "За жизнь!" қоғамдық ұйымымен келісім-шартын доғаратын болды. Бұл жайында бүгін Азаттыққа Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтының облыстық филиалы меңгерушісінің міндетін атқарушы Серік Қанатбаев хабарлады. Ондаған қаңғыбас иттің ендігі тағдыры қалай болары белгісіз.

Жалға алу келісімін үзуге Оралдағы еріктілер тәлімбағының жұмысына тәлімбақпен іргелес тұратын тұрғындардың қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызметке шағымдануы себеп болған. Тұрғындар иттердің үнемі үретініне және жағымсыз иіс шығатынын айтып шағымданған.

Қанатбаевтың айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тексеру бастамас үшін ол "За жизнь!" жануарлар құқығын қорғау қоғамдық ұйымының жетекшісі Юлия Асиновскаядан тәлімбақ ғимаратын босатуды сұраған.

Юлия Асиновская еріктілердің тәлімбақ орналасқан нысанды институттан 2013 жылдың желтоқсан айынан бері жалға алып келгенін айтады. Оның сөзінше, еріктілер 35 шаршы метр тәлімбақ үшін ай сайын 30 мың теңге төлеген.

- Меніңше, жалға беруді институ басшылығы ауысқандықтан тоқтатқан сияқты. Бірақ қайта жақсы болды, себебі онда ешқандай жағдай жоқ еді. Институттың жалға беруді 1 қазанға қалдырғанының өзіне рахмет, - дейді Асиновская.

Юлия Асиновскаяның сөзінше, қазан айына дейін еріктілер қаңғыбас иттерді асырап алатын адамдарды тауып немесе тәлімбаққа басқа орын іздестіріп көрмек.

Қазір Оралдағы ветеринарлық станция сарайындағы тәлімбақта еріктілер 50-ден астам қаңғыбас ит пен күшікті асырап отыр.

Оралда жыл сайын бес мыңға тарта қаңғыбас ит пен жүздеген күшік ауланады. Жануарлар құқығын қорғаушы белсенділер аулаудан аман қалған иттерді сақтауға шақырады.

XS
SM
MD
LG