Accessibility links

Мәскеуде француз супермаркеттерін тексере бастады


Мәскеудегі "Ашан гипермаркеттерінің бірі. (Көрнекі сурет).

Мәскеудегі "Ашан гипермаркеттерінің бірі. (Көрнекі сурет).

Ресей билігі 19 тамызда француздық Auchan компаниясының супермаркеттер желісіне ондағы "ет сапасының төмендігіне" қатысты күдіктен кейін "жүйелі" тексеру жүргізе бастады.

Роспотребнадзор мекемесі басшысы Анна Попованың хабарлауынша, прокуратура Auchan ("Ашан") компаниясына қарайтын Мәскеудегі барлық супермаркеттер желісіне тексеру жүргізуге санкция берген.

Auchan компаниясының Мәскеуде 19, қала маңында тағы бірнеше супермаркеті бар.

Бұған дейін Россельхознадзор мекемесі Auchan супермаркеттеріндегі шошқа етінен "сиыр еті, тауық еті мен жылқы етінің ДНҚ-сы табылғанын" хабарлаған.

Роспотребнадзор Мәскеудің дипломатиялық қарым-қатынасы нашарлаған елдерден келетін азық-түлік сапасына жиі мін тағады.

Бұған дейін Франция мен Ресей қарым-қатынасы Еуропа Одағының Ресейге қарсы санкциясын ұзартқанына және Париждің Ресейге тікұшақ тасымалдайтын әскери "Мистраль" кемесін жеткізуден бас тартқанына байланысты нашарлай түскен.

Кремль 2014 жылы Еуропа Одағының бірнеше мемлекеті мен АҚШ, Канададан азық-түлік импорттауға эмбарго салған.

XS
SM
MD
LG