Accessibility links

Алматы соты Ермек Нарымбаевты 20 тәулікке қамады


Қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаев.

Қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаев.

Алматының ауданаралық әкімшілік соты азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевты 20 тәулікке әкімшілік қамауға алуға шешім шығарды. Нарымбаевтың адвокаты Гүлнәр Жуаспаеваның айтуынша, сот шешімі жұма күні кешкісін, өте қысқа уақытта шыққан.

– Судья небары екі-ақ минутқа созылған процесте Ермек Нарымбаевты «сотты құрметтемегені үшін» 5 тәулікке және «митинг ұйымдастырғаны үшін» 15 тәулікке – жиыны 20 күнге қамауға шешім шығарды, - деді адвокат.

Оның айтуынша, әкімшілік соттың отырысы аудио және видеожазба құралдары жоқ тар залда өткен. Адвокаты Ермек Нарымбаевтың тамыздың 21-і күні таңертең сотқа келмегеніне байланысты «сотты құрметтемегені үшін» жазаланып отырғанын айтады.

Әйелі Зоя Нарымбаеваның сөзінше, жұма күні қан қысымы көтеріліп, екі рет жедел жәрдем шақыртқан Ермек Нарымбаевты, Алматыдағы 7-аурухананың науқастарды қабылдау бөлімінде отырған жерінен әкімшілік сотқа полиция қызметкерлері күштеп апарған.

Ермек Нарымбаев қазір Алматыдағы әкімшілік сот жазасын өтейтіндерге арналған арнайы мекемеде отыр. Оның қазіргі денсаулық жағдайы туралы Азаттық тілшісінің қойған сұрағына сенбі күні мекеме кезекшісі: «Оның жағдайы жақсы, дәрігер шақыру туралы айтқан жоқ» деген қысқа жауаппен ғана шектелді.

Ермек Нарымбаевты бейсенбі күні сағат 18:30 шамасында «Әділеттілік үшін» қоғамдық бірлестігі жалдап отырған кеңседен полиция қызметкерлері ұстап, Алматының Бостандық аудандық полиция бөліміне апарған. Сол жерде оның үстінен «әкімшілік құқық бұзған» деген айыппен хаттама толтырып, сол күні түнде белсендіні Алматының ауданаралық әкімшілік сотына жеткізген. Бірақ сот бұл істі қарауды кейінге қалдырған.

Бұған дейін Ермек Нарымбаев Қазақстан президенті, үкіметі мен ұлттық банк жетекшісінің отставкаға кетуі, зейнетақыны индексациялау, теңге бағамын 2014 жылғы қаңтардағы деңгейіне қайтару, табиғи ресурстарды, оларды өндіретін кәсіпорындарды мемлекет иелігіне алу, жұмыстан жаппай босату мен қысқартуды доғару, ЭКСПО-2017 жобасынан бас тарту және басқадай талаптарды билікке тапсыру үшін тамыздың 20-сы күні сағат 19:00-да Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткіші жанына келетінін Facebook әлеуметтік желісі арқылы хабарлаған.

XS
SM
MD
LG