Accessibility links

Әкімдік "Алматыны қорғаймыз!" дөңгелек үстелін өткізбек


"Алматыны қорғаймыз!" қозғалысының белсенділері Алматы билігі өкілдерімен кездесуде. 21 тамыз 2015 жыл.
"Алматыны қорғаймыз!" қозғалысының белсенділері Алматы билігі өкілдерімен кездесуде. 21 тамыз 2015 жыл.

Алматының тарихи келбетін сақтауды қолдайтын "Алматыны қорғаймыз!" қозғалысының белсенділері бүгін қала әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысы Санжар Боқаевпен кездесті.

Кездесуде қозғалыс белсенділері қоғамдық бақылау органын құруды, сәулет және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі құқықтық базаға өзгерістер енгізуді және оны жетілдіруді ұсынды.

Санжар Боқаев сәулет, құрылыс, экология, инфрақұрылым, эргономика және өлкетануға қатысты мәселелерді дөңгелек үстелде талқылауды ұсынып, оған белсенділерді қатысуға шақырды. Боқаев қалалық мәдениет басқармасының өкіліне қаланың сәулет және мәдени ескерткіштерінің соңғы тізімін түзуді және олардың қалай өзгеріп жатқанына талдау жасауды тапсырды.

Кездесуге сәулет, мәдениет басқармаларының өкілдері де қатысты. Алматының бас сәулетшісінің орынбасары Жанат Айтілеу сәулет, қала құрылысында заң талаптарының кейде нашар сақталатынын, кейде мүлдем орындалмайтынын мойындады.

Белсенділер бұған қоса Желтоқсан көшесінің бойындағы 1954 жылы салынған үш қабатты ғимаратты сүру жайын да сұраған. Жанат Айтілеу ғимарат иесі - Bay Shatyr Group компаниясы ғимарат орнына салынатын жаңа нысанның кескіндеме жобасын даярлап жатқанын айтты.

Компания өкілдері кездесуге шақырылғанымен, келмеді. Белсенділер аталған ғимаратты тарихи мәні бар деп, компанияның оны сүруіне қарсы.

Азаматтық белсенді Эмина Қожамұратованың айтуынша, белсенділердің үндеуінен соң бас прокуратура мен мемлекеттік қызмет және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігі ғимараттың компания иелігіне өтуінің заңдылығын тексере бастаған.

XS
SM
MD
LG