Accessibility links

Грекия парламенті тарап, жаңа сайлау тағайындалды


Грекия Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Василики Тану премьер-министр міндетін атқаруға кіріскені туралы құжатқа қол қойып отыр. Афина, 27 тамыз 2015 жыл.

Грекия Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Василики Тану премьер-министр міндетін атқаруға кіріскені туралы құжатқа қол қойып отыр. Афина, 27 тамыз 2015 жыл.

Грекия президенті Прокопис Павлопулос ел парламентін тарату және қыркүйектің 20-сында кезектен тыс парламент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл өте күрделі қаржы дағдарысына тап болған елде соңғы алты жылда осымен бесінші рет өткізілетін парламент сайлауы болмақ.

Жұма күні уақытша Грекия премьер-министрі міндетін атқаруға кіріскен Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Василики Тану – ел тарихында үкімет басына келген тұңғыш әйел. Президент Тану басқаратын уақытша үкіметке парламент сайлауын ұйымдастырып өткізуді тапсырған.

Соңғы өткізілген қоғамдық пікір зерттеулерінің нәтижесі әсіресолшыл СИРИЗА партиясы аздаған басымдықпен алда келе жатқанын көрсеткен. Партия жетекшісі Алексис Ципрас тамыздың 20-сы күні отставкаға кеткен. Ципрастың халықаралық кредиторлардан қаржылай көмек алу үшін елде бюджетті қатаң үнемдеуге бағытталған көлемді реформаларды жүзеге асыруды мақұлдауы оны қолдайтын «Сириза» партиясында жік туғызған.

Қоғамдық пікірді зерттеу нәтижесі бойынша, оңшыл «Жаңа демократия» партиясы екінші орында келеді. Сауалнамаға қатысқандардың ширек бөлігінен астамы өз таңдауын әлі жасамағанын айтқан.

XS
SM
MD
LG