Accessibility links

Австрия: көліктен табылған үш мигрант бала ауруханаға түскен


Австрияда жол бойында қалдырылған жүк көлігінен заңсыз мигранттардың жансыз денелері табылған. 27 тамыз 2015 жыл.

Австрияда жол бойында қалдырылған жүк көлігінен заңсыз мигранттардың жансыз денелері табылған. 27 тамыз 2015 жыл.

Австрияның батысында заңсыз мигранттар отырған жүк автокөлігінен организмдерінде су жетіспей қалғандықтан қатты әлсіреп, ауыр халде жатқан үш бала табылған. Оларды дереу ауруханаға жеткізген.

Австрияның АРА агенттігінің хабарлауынша, сенбі күні Германиямен шекараға жақын орналасқан Браунау-ам-Инн қаласы маңында полиция тексермекші болған жүк көлігінің жүргізушісі әуелгіде тоқтағысы келмеген. Ақыр соңында тоқтатылған көлікті тексерген полицейлер оның ішінен Ауғанстан, Бангладеш және Сириядан Еуропаға заңсыз келе жатқан 26 мигрантты тапқан. Олар Германияға өтпек болғандарын айтқан. Жүк көлігін жүргізуші Румыния азаматы тұтқындалған.

Сенбі күні Венгрия соты үш болгар және бір ауған азаматтарын қамауда қалдыру туралы шешім шығарған. Бұл төртеуі соның алдында Австрияда бейсенбі күні жол бойында қалдырылған жүк көлігінен жансыз денелері табылған 71 заңсыз мигранттың ажалына қатысы болуы ықтмиал деген күдікпен ұсталған. Опат болғандардың көпшілігі Сирия азаматтары болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр. Алдын-ала жорамал бойынша, олар тұншығып өлгенге ұқсайды.

Еуропа Одағының деректері бойынша, биыл ЕО елдері шекараларынан 340 мыңдай заңсыз мигрант өткен. Соғыс болып жатқан аймақтардан бассауғалаған миллиондаған басқа босқындар Ливан, Түркия мен Иорданияға паналауға барған.

XS
SM
MD
LG