Accessibility links

АҚШ Египетті үш журналистің үкімін өзгертуге шақырды


Журналистер Бахер Мұхаммад (сол жақта) және Мұхаммед Фахми сотта тұр. Каир, 31 наурыз 2014 жыл.

Журналистер Бахер Мұхаммад (сол жақта) және Мұхаммед Фахми сотта тұр. Каир, 31 наурыз 2014 жыл.

Катарлық «Әл-Жазира» телеарнасының үш журналисін түрме жазасына кескен Египет сотының үкіміне қынжылыс білдірген АҚШ мемлекеттік департаменті Каирді бұл шешімді қайта қарауға шақырды.

«Біз Египет үкіметін елдің тұрақты дамуына қажетті пікір білдіру еркіндігіне қатер төндіретін бұл үкімді өзгерту үшін барлық шараларды қабылдауға шақырамыз» делінген мемлекеттік департамент мәлімдемесінде.

Сенбі күні шығарған сот үкімінде «Әл-Жазира» телеарнасының журналистері Мұхаммед Фахми, Питер Грест және Бахер Мұхаммед «жалған ақпарат таратып, сол арқылы қызметіне тыйым салынған «Мұсылман бауырлар» тобына жәрдемдескені үшін айыпты» екендігі айтылған. Сот үшеуін үш жылға түрме жазасына кескен.

Египет билігі сотқа тартылған үш адамның «журналистер ретінде тіркелмегенін және жұмыс істеуге тиісті рұқсаты болмағанын» айтады. Бірақ ол үшеуі тыйым салынған ұйымға жұмыс істемегендерін алға тартып, өздеріне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарады.

Журналистер 2013 жылы желтоқсанда ұсталған. Былтыр маусымда сот оларды он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Биыл ақпанда Египет билігі Австралия азаматы Питер Гресті депортациялап, Канада азаматы Мұхаммед Фахми мен Египет азаматы Бахер Мұхаммедті кепілге босатқан соң Жоғарғы сот олардың ісін қайта қарауға жіберген.

Баспасөз бостандығын қорғаушы халықаралық ұйымдар мен құқыққорғаушылар журналистерді қудалауға салғаны үшін Египет билігін сынаған.

XS
SM
MD
LG