Accessibility links

ИМ-нің жергілікті кәсіпкерлерге құқайы


Тұрғындардың айтуынша, ИМ басып алған аймақтарда базарлардағы тауарлар қымбаттағаны соншалық, оларды тек содырлар сатып ала алады. (Көрнекі сурет)
Тұрғындардың айтуынша, ИМ басып алған аймақтарда базарлардағы тауарлар қымбаттағаны соншалық, оларды тек содырлар сатып ала алады. (Көрнекі сурет)

ИМ содырлары 2014 жылдың шілдесінде Мосулды басып алардың алдында Фахима Оман шаштараз салонын ашқан еді. Бірақ ИМ жасағы Омардың кәсібін жауып, жалғыз күнкөріс нәпақасынан айырды.

«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы содырлары мұндай салондарды «азғындыққа» теңейді. Фахима Омар ИМ кесірінен бизнесінен айрылған көптеген тұрғындардың бірі ғана. Ол сияқты талай адам - еркек болсын, әйел болсын – жұмыс істеп тұрған кәсібін жабуға мәжбүр болған.

Экстремистік топ өзіне қосылғысы келмейтіндерді аямайды, ондай азаматтарға салынатын салық мөлшерін де арттырды.

БИЗНЕСКЕ ҚЫСЫМ

«ИМ экономиканы тұтастай бақылап отыр, зауыттарды тәркілеп алды, тонау басталды» дейді ИМ жаулап алған Дейр әл-Зор қаласынан Сирияның шығысына отбасымен қашып келген Әбу Мужахед.

«ИМ содырлары немесе оларға адал болуға ант бергендер ғана жақсы өмір сүретін болды» дейді ол.

ИМ содырлары Дейр әл-Зорды басып алғаннан соң, жергілікті экономиканы өз бақылауына алып, зауыттарды тәркілеп, жұрттың мүлкін тонаған. Бұдан соң жергілікті бизнес желілерін басқаруға көшкен. ИМ тобының «қазіргі астанасы» Раккада тұрғындар мен белсенділер «ИМ-ге ант берген саудагерлер ғана жергілікті экономиканы уысында ұстап отыр» дейді.

Ракка қаласындағы ИМ содырлары деп жарияланған видеодан алынған скриншот.
Ракка қаласындағы ИМ содырлары деп жарияланған видеодан алынған скриншот.

ИМ басқаратын Сирия облыстары - Дейр әл-Зор, Хасакех, Ракка Сирияның «астық қоймасы» саналады. Қазір ИМ-ге ант берген саудагерлер ауылшаруашылық тауарларын Раккадан басқа аумақтарға содырлардың бақылауымен ғана тасиды, Ирактағы ИМ жаулаған жерлерде де жағдай сондай.

Белсенділердің айтуынша, тауар бағасын жергілікті саудагерлер емес, ИМ өкілдері шешеді. ИМ-ге қарсы Raqqa Is Being Slaughtered Silently тобының мүшесі Хамоуд әл-Мұса «Қазір мұнда солар қожайын. Тек солар (ИМ-ге ант берген саудагерлерді айтады – ред.) ғана баға кеседі, адамдар сол бағамен келісуге мәжбүр» дейді.

ИМ бизнеспен айналысатын әйелдерге де қысым жасап, Омардың шаштаразын жапқандары тәрізді көптеген әйелдердің кәсібін тоқтатып, кәсіби мамандардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр.

Көз ауруларын емдейтін дәрігер Сухам Махмуд ханымның Мосулда жеке емханасы болған. Содырлар жұмыс кезінде оны бурка (пәрәнжісі бар жамылғы – ред.) киюге мәжбүрлеген, тіпті көзге күрделі ота жасаған кезде де «мұны шешпейсің» деген. Жеке емханадан түсетін табыстан айырылған соң Сухам Махмуд Мосул ауруханаларындағы жұмысын тоқтатты, себебі ИМ содырларының оның соңына түскені соншалық, жұмыс істеу мүмкін болмай кеткен.

САЛЫҚТЫ КӨБЕЙТУ

Адамдардың бизнесін жауып, күнкөріс табысынан айырғаны аздай, ИМ өзін мойындамағандарға көп мөлшерде салық салып отыр. Су мен электр қуаты тәрізді коммуналдық қызметтердің ИМ келгелі қымбаттағанын айтқан Әбу Мужахед «тек жұтатын ауаға ғана салық салмады» дейді.

ИМ насихат үшін түсірген видеосында басып алған аймақтарындағы қала базарларының тауарға толы екенін хабарлап, мақтанған еді.

Дейр әл-Зордағы қақтығыстардың бірінен өртеніп жатқан ғимарат. 2013 маусымы. (Көрнекі сурет)
Дейр әл-Зордағы қақтығыстардың бірінен өртеніп жатқан ғимарат. 2013 маусымы. (Көрнекі сурет)

Бірақ Ракка мен Дейр әл-Зор тұрғындары Азаттыққа «базарда тауар болса да, тым қымбат» екенін, «оларды тек ИМ жасағы ғана сатып ала алатынын» айтады. Бір жергілікті тұрғынның айтуынша, Дейл әл-Зорда азық-түлік бағасы 1000 пайызға өскен, енді жоғары салық пен жұмыссыздық кезінде адамдар тұрмысқа керек заттарды сатып алуға қиналады. «Мұнда бәрі бар, бірақ керегіңді сатып алуға шамаң жетпейді. Біз тек қияр, помидор мен картоп тұтынамыз. Ет пен тауықты ИМ содырлары ғана алады» дейді раккалық әйел Умм Ахмед.

ШАРАСЫЗДЫҚ

Экономикалық жағдайдың қиындауы, кәсіп орындарының жабылуы, жұмыссыздық кейбір адамдарды шарасыздықтан ИМ-ге қосылуға мәжбүрлеген. Түркиямен шекараға жақын Әл-Райе қаласының тұрғыны Әбу Мутассем «көптеген жастар ИМ-ге өтіп жатыр, себебі бұл - жан сақтаудың жалғыз жолы» дейді.

Белсенділер «ИМ экономикалық қысым арқылы жұртты өздерін қолдауға мәжбүрлемек» дейді. Raqqa Is Being Slaughtered Silently өкілі әл-Муса «ИМ адамдарды экономикалық тығырыққа тіреп, өздеріне қосып алу үшін бәрін істеп жатыр» дейді.

Бұл әдіс ИМ жасағы басып алғанына бір жылдан асқан аудандарда нәтиже бере бастады және жақында топ қарауына өткен қалаларда да осындай жағдай орнады.

Палмира қаласының тұрғыны Насер Мохаммедтің айтуынша, Пальмира қаласында 1 мың 200 жас ИМ-ге қосылған. «Пальмирада адамдар жұмыс таба алмайды» дейді қала тұрғыны Әбу Юнус әл-Тадмиру. ИМ бақылауда ұстап отырған Иракта да кейбір бизнес иелері содырлардан қашып құтылуға тырысады.

Әйел кәсіпкер Фахима Омар Мосулдан қашып шықты, қазір Ирактың Күрдістан ауданындағы Эрбилде тұрады.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG