Accessibility links

Серік Ахметов ісінде адвокаттар куәгерге күдік келтірді


Куәгер Қадырбек Абдиров сотта сұрақтарға жауап беріп тұр. Қарағанды. 4 қыркүйек 2015 жыл.

Куәгер Қадырбек Абдиров сотта сұрақтарға жауап беріп тұр. Қарағанды. 4 қыркүйек 2015 жыл.

Экс-премьер Серік Ахметов пен Қарағанды қаласы және облысының бұрынғы басшы тұлғалары мен бизнесмендердің үстінен жемқорлық айыбымен қозғалған қылмыстық іс бойынша Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында өтіп жатқан процесте куәгерлерден жауап алу бүгін қайта жалғасты.

Бүгінгі сотта осы істегі негізгі куәгерлердің бірі – «Горсвет» кәсіпорнының директоры, қалалық мәслихат депутаты Қадырбек Әбдіров сұрақтарға жауап берді. Ол Серік Ахметов пен оның туыстарының «СтальЦинк» фирмасы, «СтальЦинк» сауда үйі және «Гордорсервис-Астана» кәсіпорнымен қатысы бар деп айтқан. Сонымен бірге куәгер Әбдіров облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевті аталған компаниялардың мүддесін қорғады деп айыптап, әкімнің қарамағындағылар өзін осы кәсіпорындардың өнімдерін сатып алуға қысағанын айтқан.

Сотталушы Ахметов пен Әбдішев және олардың адвокаттары соттан куәгер Әбдіровтің сөзден шатасып, қойылған сұраққа тура жауаптан жалтарып тұрғанына назар аударуды сұраған. Куәгер сотты әдейі шатастыруға тырысып тұр деген Бауыржан Әбдішев оның денсаулық жағдайына күмән келтіріп, бұл адам тергеушілер алдын-ала дайындап, қол қойғызып алған жауаптарды айтып тұрған болуы мүмкін деген күдігін айтқан.

Ахметов пен Әбдішевтің адвокаттары сотқа Қадырбек Әбдіровті «жалған куәгерлерік бергені үшін» жауапқа тарту туралы өтініш берген. Қарағанды қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Айдос Жәкеновтің адвокаты Мейрам Шаймерденов куәгер Қадырбек Әбдіровті психологиялық-психиатриялық тексеруден өткізуді сұрап мәлімдеме жасаған. Ал прокуратура соттан адвокат Шаймерденовке «куәгердің намысына тигені үшін» шара қолдануды сұраған.

Аталған өтініштерге қатысты шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетіп, арада біршама уақыт өткенде залға қайта оралған судья Исламхан Есенбаев куәгер Қадырбек Әбдіровтің денсаулық жағдайын анықтауға дәрігерлік тексеру тағайындауды сұраған адвокат Мейрам Шаймерденовтің өтінішін қанағаттандырмай тастады. Сонымен бірге, судья сотталушы Бауыржан Әбдішевке алдағы уақытта куәгердің атына «намысқа тиетін» сөздер айтпауды ескертті.

Қарағандыда өтіп жатқан бұл сот процесі тамыздың 10-ы күні басталған. Сотта барлығы 21 адамға «қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланған, «бюджет қаржысын жымқырған» және «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан» деген айыптар тағылып отыр. Бұларға қоса, бұрынғы үкімет жетекшісі Серік Ахметов «аса ірі көлемде пара алған» деген күдікке ілінген. Сот тыңдауы барысында сотталушылардың кейбіреулері тергеу кезінде өздеріне қысым жасалғаны туралы мәлімдеп, кейбірі бұған дейінгі берген куәліктерінен бас тартқан.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG