Accessibility links

Айымбетов ұшқан "Союз ТМА-18М" ХҒС-пен түйісті


Ғарышкер Айдын Айымбетов "Союз ТМА-18М" ғарыш кемесі бортында. Байқоңыр, 2 қыркүйек 2015 жыл.
Ғарышкер Айдын Айымбетов "Союз ТМА-18М" ғарыш кемесі бортында. Байқоңыр, 2 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовты ғарышқа алып ұшқан ресейлік "Союз ТМА-18М" кемесі бүгін Астана уақытымен сағат 13:49-да Халықаралық ғарыш станциясымен (ХҒС) түйісті. "Роскосмос" агенттігінің хабарлауынша, ғарыш кемесі ХҒС-пен бүгін Астана уақыты бойынша сағат 11:16-да жақындаса бастаған.

Бортында Айымбетовтен басқа ресейлік ғарышкер Сергей Волков пен Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты, даниялық Андреас Могенсен бар "Союз ТМА-18М" кемесі Байқоңырдан 2 қыркүйек күні ұшырылған. Кеме ХҒС-қа дейін екі тәулікке жуық уақыт ұшты.

Бортинженерлер Айымбетов пен Могенсен Жерге 12 қыркүйекте оралады деп жоспарланған.

Қазақстан аэроғарыш комитетінің мәлімдеуінше, Айымбетов ғарышта Арал теңізі үстіндегі шаңды дауылдың қозғалысы мен мұнайдан ластану проблемасын зерттейді.

Ресеймен жасалған келісім бойынша, Қазақстан Айымбетовті ұшырғаны үшін 20 миллион АҚШ долларына жуық қаржы төлейді.

XS
SM
MD
LG