Accessibility links

Министрлік назары АИ-95 маркалы бензин бағасына түсті


Астанадағы жанармай станциясындағы бензин маркаларының бағасы. 4 қыркүйек 2015 жыл.

Астанадағы жанармай станциясындағы бензин маркаларының бағасы. 4 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстан ұлттық экономика министрлігі елдегі ірі жанармай станциялары желілерінің меншік иелеріне АИ-92/95 маркалы бензин бағасын белгілеу құрылымын және АИ-95 маркалы бензин бағасы қымбаттауының себептерін сұрап қатынас хат жолдаған. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің тапсыруы бойынша, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті АИ-95 маркалы бензин бағасы не себепті қымбаттағанын анықтауға кіріскен.

«Соның нәтижесінде «ҚазМұнайӨнімдері» акционерлік қоғамы АИ-92/93 маркалы бензин бағасының 1 литрін 125 теңгеге, АИ-95 маркалы бензиннің литрін – 136 теңге деңгейіне дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Қалған ірі компаниялармен жұмыс жүргізіліп жатыр» делінген министрлік ақпаратында.

Ұлттық экономика министрлігі аймақтағы бөлімшелеріне нарықтағы үстем жағдайды теріс пайдалануға, бағаны өсіру жайлы астыртын сөз байласуға және жосықсыз бəсекелестікке жол бермеуге қатысты монополияға қарсы реттеу шараларын күшейту тапсырылғаны туралы хабарлады.

Жұма күні Қазақстан үкіметі ішкі нарықта бөлшек саудада АИ-92/93 маркалы бензин бағасын мемлекеттік реттеу саясатынан бас тартатынын жариялаған соң іле-шала елдегі жанармай сату бекеттерінде бензиннің аталған маркаларының бір литрінің бағасы 108 теңгеден 128-130 теңгеге дейін қымбаттап кеткен еді.

XS
SM
MD
LG