Accessibility links

Тәжікстан: Қарулы топтың тағы 14 мүшесі ұсталды


Ромит шатқалындағы қарулы топқа қарсы операция. Тәжікстан, 7 қыркүйек 2015 жыл.

Ромит шатқалындағы қарулы топқа қарсы операция. Тәжікстан, 7 қыркүйек 2015 жыл.

Тәжікстан билігі бүгін операция барысында қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Абдухалим Назарзоданың қарулы тобының тағы 14 мүшесі ұсталғанын мәлімдеді.

Ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің хабарлауынша, қарулы топ мүшелері Душанбеден шығысқа қарай 150 километр қашықтықтағы Ромит шатқалында жүргізілген операция кезінде ұсталған. Ресми орындардың мәліметіне қарағанда, шатқалдан біраз қару-жарақ пен оқ-дәрі табылған.

Генерал Назарзоданың нақты қайда екені әзірге белгісіз. Шатқалда арнайы операция басталғалы бері ресми мәлімет бойынша Назарзоданың қарулы тобының 53 мүшесі ұсталып, 17-сінің көзі жойылған. Бұған дейін билік Назарзода 7-8 адамымен бірге Ромит шатқалында жасырынып жүр деп хабарлаған.

Тәжік билігі "қаруын өз еркімен тастап, берілгендер немесе құқық қорғау орындарын сенімді ақпарат берген азаматтар жауапкершіліктен босатылатынын" хабарлады.

Қыркүйектің 4-і күні таңертең Тәжікстан қорғаныс министрлігінің орталық аппараты мен Душанбеден 20 шақырымдай жердегі Вахдат қаласында ішкі істер бөліміне жасалған қарулы шабуылдар салдарынан 9 милиция қызметкері мерт болған. Тәжікстан билігі бұл шабуылдарға Абдухалим Назарзоданы айыптап отыр. Шабуыл болған күні күні президент Эмомали Рахмон Назарзоданы қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатқан.

XS
SM
MD
LG