Accessibility links

Ақпарат алу туралы заң жобасын таныстырды


"Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заң жобасының мұқабасы. Астана, 8 қыркүйек 2015 жыл.
"Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заң жобасының мұқабасы. Астана, 8 қыркүйек 2015 жыл.

Парламентте бүгін ақпаратқа қол жетімділік туралы заң жобасы таныстырылды. Құжатта мемлекеттік бюджеттен қаржы алатын барлық құрылымдардың ақпарат субъектісі тізіміне кіретіні айтылған.

Парламент депутаты Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң жобасында барлық азаматтың ашық ақпаратқа уақытында қол жеткізу тетіктері қарастырылған. Жоба бойынша, азаматтарға өтініші бойынша ақпарат беру мерзімі 30 күннен 20 күнге дейін қысқарады.

- Заң жобасында қандай да бір мемлекеттік органның немесе басқадай бір құрылымның ақпарат беруден қандай жағдайда бас тартуға болмайтынын, қандай ақпарат құпия саналмайтынын қайта қарадық, деді Мәулен Әшімбаев.

Ол заң жобасы қабылданса журналистер мен басқа да азаматтар мемлекеттік органдардың ғана емес, бюджеттен қаржы алатын мемлекеттік емес басқа да құрылымдар, оның ішінде ұлттық компаниялардан ақпарат ала алатынын айтты.

- Егер, мысалы, қандай да бір үкіметтік емес ұйым бюджеттен қаржы алса және азаматтар ұйым қаржыны қайда жұмсағанын білгісі келсе, оларға тек осы сұраққа қатысты ақпарат беріледі, - деді Әшімбаев.

"Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заң жобасы парламент депутаттары, үкімет пен азаматтық қоғам өкілдері кіретін жұмысшы тобының қарауына түскен.

XS
SM
MD
LG