Accessibility links

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев босатылды


Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев. Алматы, 3 тамыз 2015 жыл.

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев. Алматы, 3 тамыз 2015 жыл.

Бүгін, қыркүйектің 10-ы күні түстен кейін азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев абақтыдан босатылды. Әйелі Зоя Нарымбаеваның Азаттық тілшісіне хабарлауынша, Лобачевский көшесіндегі әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау орны «Ермек Нарымбаевтың бүгін сағат 21-де шығатынын» айтқан.

-Ермектің айтылған уақыттан бұрын шығаратынын білмедік. Абақтыдан шығып, жұмысқа өзі келді. Қазір үйге кетіп барамыз. Ермектің денсаулығы бірқалыпты,- деді Зоя Нарымбаева.

Ермек Нарымбаев Қазақстан президенті, үкіметі мен ұлттық банк жетекшісінің отставкаға кетуін, зейнетақыны индексациялау, теңге бағамын 2014 жылғы қаңтардағы деңгейіне қайтару, табиғи ресурстарды, оларды өндіретін кәсіпорындарды мемлекет иелігіне алу, жұмыстан жаппай босату мен қысқартуды доғару, ЭКСПО-2017 жобасынан бас тарту және басқадай талаптарды билікке қою үшін тамыздың 20-сы күні сағат 19:00-да Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткіші жанына келетінін хабарлаған соң қамауға алынған.

Тамыздың 22-сі Алматының ауданаралық әкімшілік соты Нарымбаевты «сотты құрметтемегені үшін» 5 тәулікке және «митинг ұйымдастырғаны үшін» 15 тәулікке – жиыны 20 күнге қамауға шешім шығарған.

Зоя Нарымбаеваның сөзінше, қан қысымы көтеріліп, екі рет жедел жәрдем шақыртқан күйеуін Алматыдағы 7-аурухананың науқастарды қабылдау бөлімінде отырған жерінен әкімшілік сотқа полиция қызметкерлері күштеп апарған.

Қыркүйектің басында БҰҰ-ның бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи Қазақстан билігін Ермек Нарымбаевты дереу босатып, оған тағылған айыпты алып тастауға шақырған.

XS
SM
MD
LG