Accessibility links

Шымкентте сот ақтаған журналист ісі қайта қаралды


"Central Asia Monitor" газетінің журналисі Рамзия Юнусова. Шымкент, 31 шілде 2015 жыл.
"Central Asia Monitor" газетінің журналисі Рамзия Юнусова. Шымкент, 31 шілде 2015 жыл.

Бүгін Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында журналист Рамзия Юнусованың ісі қайта қаралды. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының прокуроры Талғат Сейдуалиев Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының шешіміне қанағаттанбай, облыстық сотқа журналистің үстінен аппеляциялық шағым түсірген.

Бүгінгі сотта Талғат Сейдуалиевтің адвокаты Махмут Ақбаев судья Ыбырай Мәтібаевтан «Central Asia Monitor» газетінің тілшісі Рамзия Юнусованың 2015 жылдың 25 мамырында жарыққа шыққан «Прокурордың миллиондары» атты мақаласын қайта филологиялық сараптамадан өткізуді сұрады. Судья жәбірленуші жақ өтінішін қанағаттандырды.

Рамзия Юсупова Азаттыққа мақаласына қайта сараптама сараптама тағайындауға қарсы екенін айтты. Ал Махмут Ақбаев аудандық сот "заңсыз шешім қабылдаған" дейді. «Біз аудандық сот Талғат Сейдуалиевтің құқықтарын бұзды деп санаймыз. Біз аудандық сотқа Юнусованың «Прокурордың миллиондары» атты мақаласында, филологиялық сараптама жасауды сұрағанбыз, қанағаттардырмаған" дейді Махмут Ақбаев.

Прокурор Талғат Сейдуалиев журналист Рамзия Юнусованың «Прокурордың миллиондары» атты мақаласы үшін үстінен шағым жазған болатын. Соған байланысты қылмыстық кодекстің 130-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 31 шілдеде сот Сейдуалиевтің шағымын қанағаттандырмаған.

Мақаласында журналист "жергілікті банктен несие алып, оны дер кезінде қайтара алмаған лауазымды тұлғаның қомақты соманы аз уақытта қайдан алуы мүмкін екенін" білгісі келген.

XS
SM
MD
LG