Accessibility links

Айдын Айымбетов Жерге оралды


Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов.

Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов.

Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов бүгін Астана уақытымен таңғы сағат 6:51-де Жезқазған қаласынан 146 километр қашықтыққа қонды деп хабарлады ақпарат агенттіктері.

Айымбетовпен бірге ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка және даниялық астронавт Андреас Могенсен де ғарыш сапарынан Жерге аман-есен оралды. Ғарышкерлерді жеткізген «Союз ТМА-16М» кемесінің капсуласын күтіп алу шарасына 200 әскери маман, арнайы жабдықталған 14 тікұшақ және төрт ұшақ қатысқан.

Ғарыш сапарынан оралған Айдын Айымбетовті бүгін таңертең Жерде күтіп алғандардың арасында оның туған-туыстары да болды. Бірнеше сағаттан соң ғарышкерді Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдайды деп хабарланды.

Бұған дейін «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесі экипажы құрамында Айдын Айымбетов ресейлік ғарышкер Сергей Волков және Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты Андреас Могенсенмен бірге қыркүйектің 2-і күні Байқоңырдан ғарышқа ұшқан. Сергей Волков халықаралық ғарыш станциясында жұмысын жалғастыруға қалды.

Айдын Айымбетов – Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері мемлекет атынан ұшырылған алғашқы ғарышкер.

Бұған дейін «Қазғарыш» ұлттық ғарыш комитеті Айдын Айымбетовтің сапарының шығыны 20 миллион АҚШ долларын құрайтынын және оны Қазақстан 2016 жылға дейін төлейтінін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG