Accessibility links

Египет үкіметі отставкаға кетті


Египет астанасындағы ескерткіш. Каир, 20 тамыз 2015 жыл.

Египет астанасындағы ескерткіш. Каир, 20 тамыз 2015 жыл.

Египетте коррупция туралы жанжал өршіп жатқан тұста ел үкіметі отставкаға кетті. Египет президенті Әбдел Фаттах әс-Сиси министлер кабинетінің отставкасын қабылдап, қазіргі премьер-министр Ибрагим Махлаб пен оның министрлеріне жаңа үкімет құрамы бекітілгенге дейін міндеттерін атқаруды жүктеген деп хабарлайды Reuters.

Үкіметтің отставкаға кетуіне ауыл шаруашылығы министрі мен оның қарамағындағы шенеуніктердің үлкен коррупциялық былыққа қатысы себеп болған. Египет прокурорының міндетін атқарушы қоғамда үлкен дабыра туғызған істі тергеп-тексеру барысы жайлы ақпаратты жабық ұстағанды жөн деп шешкені туралы хабарлайды ресейлік «Новости» ақпарат агенттігі.

Елдің ауыл шаруашылығы министрі Салах Хилал қыркүйектің 9-ы күні тұтқындалған. Ол қамауға алынғаннан кейін министрлікте тінту жүргізіліп, министр кеңсесінің жетекшісімен қоса тағы бірнеше шенеунік ұсталған деп хабарлады египеттік баспасөз құралдары. Бұрынғы министр жалпы құны 3 миллиард египет фунты (шамамен 385 миллион доллар) тұратын мемлекет жерін айла-шарғы жасауға пайдаланған деген күдікке ілінген.

Жергілікті баспасөз құралдары Каир әуежайының қауіпсіздік қызметіне қырағылық шараларын күшейту тапсырылғаны және оларға «үкіметтегі коррупцияға байланысты шетелге шығуына тыйым салынған ондаған жоғары лауазымды және отставкадағы шенеуніктер, бизнесмендер мен БАҚ қызметкерлерінің тізімі берілгені» жайлы хабарлаған.

XS
SM
MD
LG