Accessibility links

Кишиневте наразылық жалғасып жатыр


Үкімет ғимараты алдына тігілген шатырлардың қасында тұрған адамдар. Кишинев, 10 қыркүйек 2015 жыл.

Үкімет ғимараты алдына тігілген шатырлардың қасында тұрған адамдар. Кишинев, 10 қыркүйек 2015 жыл.

Молдова астанасында ел президенті Николае Тимофтидің отставкаға кетуін және кезектен тыс парламент сайлауын өткізу туралы талап көтерген наразылық акциялары бүгін де жалғасты. Полицияның мәліметі бойынша, «Ар-намыс және әділеттілік» қозғалысы ұйымдастырған митингіге 15 мыңға жуық адам жиналған. Акция өтіп жатқан Кишиневтің орталығындағы Ұлы Ұлттық жиналыс алаңына адамдар келіп жатыр.

Молдовадағы биліктегі коррупцияға қарсылық акциялары өткен жексенбіде басталған. Сол жолы, «Ар-намыс және әділеттілік» қозғалысының дерегі бойынша, көшеге жүз мыңдай адам шыққан. Алайда ішкі істер министрлігі акцияға 40 мыңдай адам қатысты деп хабарлаған.

Қыркүйектің 6-сына бастап Кишиневтің орталық алаңында күн сайын митингтер өтіп жатыр. Наразылар үкімет ғимараты алдына 300-ге тарта шатыр тіккен. Президентті отставкаға жіберумен бірге демонстранттар елдегі үш коммерциялық банктен қамтамасыз етілмеген несиелер ретінде алынған миллиард еуроны қайтаруды, Ұлттық банк, бас прокуратура, Коррупцияға қарсы комитет, Жоғарғы сот палатасы жетекшілерін отставкаға жіберуді, мемлекеттік институттарды реформалауды, сонымен бірге елде сөз бостандығын қамтамасыз етуді талап етіп жатыр.

Айқын бағдарламасы да, партиялық құрылымы да жоқ «Ар-намыс және әділеттілік» қозғалысы елде билікте отырғандар мен оппозицияға бірдей қарсы. Демократиялық және Либерал-демократиялық партиялар бақылауда ұстап отырған Молдова үкіметі елде ұзақ айларға жалғасқан дағдарыстан соң құрылған еді.

XS
SM
MD
LG