Accessibility links

ФИФА бас хатшысы қызметінен шеттетілді


ФИФА бас хатшысы Жером Вальке.

ФИФА бас хатшысы Жером Вальке.

ФИФА бас хатшысы Жером Вальке қызметінен уақытша шеттетілді. Футбол ұйымының арнайы комиссиясы Бразилияда 2014 жылы өткен әлем чемпионатына заңсыз жолмен билет сату ісіне Валькенің қатысы бары туралы ақпараттың рас-өтірігін тексермек.

Валькені футболдан әлем чемпионаттарына билет сататын компания иесі Бенни Алон айыптап отыр. Бас хатшының адвокаты Барри Берке «Вальке тағылған айыптарды мойындамайды, ол Алоннан ешқашан ақша немесе басқадай құнды заттар алған емес»деп мәлімдеген.

Вальке 2008 жылы «Кариб бассейні елдеріндегі футболды дамыту үшін» деп сол кездегі ФИФА өкілі Джек Уорнерге 10 миллион доллар ақша аударған.

АҚШ тергеушілері «бұл – 2010 жылғы әлем чемпионатын өткізетін ел анықталар сәтте Оңтүстік Африка Республикасының кандидатурасын қолдау үшін Валькенің Уорнерге берген парасы болуы мүмкін» деп күдіктенеді. Бірақ тергеу тарапынан Валькенің өзіне ешқандай айып тағылмаған.

Франция азаматы Жером Вальке ФИФА бас хатшысы қызметін сегіз жылдан бері атқарып келеді. Биыл мамыр айында ФИФА президенті сайлауында жеңіске жеткен Блаттер 2 маусым күні, осы ұйымның жеті шенеунігі коррупцияға қатысты қамауға алынғаннан кейін отставкаға кететінін мәлімдеген. ФИФА-ның кезекті президент сайлауы 2016 жылы 26 ақпан күні өтеді. Оған дейін Блаттер ұйым президенті міндетін атқара береді.

XS
SM
MD
LG