Accessibility links

"Нұр Отаннан" шыққан депутат: Назарбаевқа адалмын


Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Жамбыл Қалауов баспасөз мәслихатында. Шымкент, 18 қыркүйек 2015 жыл.
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Жамбыл Қалауов баспасөз мәслихатында. Шымкент, 18 қыркүйек 2015 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенконың өз елінде бензинді қымбаттатуға жол бермейтіні туралы видеоға қатысты «Нұр Отан» партиясынан шығып қалған Шымкент қалалық мәслихаты депутаты Жамбыл Қалауов бүгін Шымкентте баспасөз мәслихатын өткізді. Әлеуметтік желіде видеоны бөлісіп, "Батька жарады! Бізде де осындай болғанда ғой" деп жазғанын Қалауов жиында «Бұл эмоцияға беріліп жазған сөзім еді» деді.

- Өз ойымды, Беларусь президентіне деген симпатиям президентіміздің атына, не болмаса «Нұр Отан» партиясының атына айтылған сын емес. Ондай ойым болған жоқ,- деді Жамбыл Қалауов.

Жамбыл Қалауовтың сөзінше, конституцияның 20-бабында және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiнің 19-бабына сәйкес әрбір азамат өз ойын еркін айтуға құқылы. Ол Лукашенконың сөзіне қатысты жазғанын «елбасының, президенттің ар-намысына тиетін сын деп қабылдамайтынын» айтты.

Жамбыл Қалауов қазір «Нұр Отан» партиясы мүшелігінен шығарылғанын, бірақ депутаттық мандаты, лауазымы өзінде екенін жеткізді.

- Бұл туралы резонанс жасаудың қажеті жоқ. Бұған ешқандай себеп те жоқ. Депутат болып сайланған 2007 жылдан бері де, оған дейін де елбасының қолдаушысымын. Қазақстанның болашағы үшін, Қазақстан үшін жасалып жатқан жұмыстарды қолдаймын, қандай жағдай болса да, - деді Жамбыл Қалауов.

XS
SM
MD
LG