Accessibility links

АҚШ: Сирия жайлы Ресеймен келіссөз өткізуге болады


АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Марк Тонер.
АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Марк Тонер.

Егер Ресей Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобымен күреске қатысуға ықылас білдірсе, АҚШ ол мәселені қарастыруға әзір деп мәлімдеген жұма күні Вашингтонда АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Марк Тонер.

«Мен бұл әріптестіктің қандай түрде болатынын айта алмаймын, себебі әлі күнге дейін Ресеймен арамызда бұл туралы әңгіме болған емес» деген ол.

Бірақ Тонер антитеррорлық шараға Сирия президенті Башар Асад үкіметінің қатысуына Вашингтонның қарсы екенін атап өткен.

«Біз ИМ тобына қарсы күресте Башар Асад сенімді серіктес бола алады деген Ресейдің пікірімен келіспейміз» деп мәлімдеген Тонер. Сонымен бірге ол Сириядағы жанжалды саяси жолмен шешу процесінде Башарсыз да алға жылжуға мүмкіндік барын айтқан.

Тонер жұма күні Пентагон басшысы Эштон Картердің Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен телефон арқылы сөйлесуі бұл екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықты қалпына келтіруді білдірмейді деп мәлімдеген.

Бұның алдында Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест те осындай мазмұнда мәлімдеме жасаған болатын.

XS
SM
MD
LG