Accessibility links

Жаңаөзен маңында мұнай қалдығы әлі өртеніп жатыр


Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы мұнай қалдықтарын төгетін қамбадағы өрт. Азаттыққа оқырман жолдаған сурет. 19 қыркүйек 2015 жыл.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы мұнай қалдықтарын төгетін қамбадағы өрт. Азаттыққа оқырман жолдаған сурет. 19 қыркүйек 2015 жыл.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы мұнай қалдықтарын төгетін қамба өртеніп жатқанына бүгін екінші күн. Оны сөндіруге қатты жел мен өрттің ошағы қазаншұңқырдың ортасында болуы кедергі келтірді деп хабарлаған төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

– Өрт шырқау шегінен өтіп, қолданылған шаралар мен техниканың арқасында оның беті қайтайын деді. Өрттен ғимараттар мен құрылыс-жайларға, құбыр және электр желілеріне қауіп жоқ, - деп мәлімдеді бүгінгі брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев.

Оның айтуынша, өртті сөндіру жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 18 техникасы мен жеке құрамдағы 106 адам жұмылдырылған. Бұған қоса, Жаңаөзен қаласы әкімдігі өртті сөндіруге қосымша 17 арнайы техника мен 34 адам бөлген.

Өрт шыққан қамбаның иесі кім екені айтылған жоқ.

Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департамент өрт болған жердегі ауа құрамына жұма және сенбі күндері жүргізілген зерттеу нәтижелері ауадағы зиянды заттар ең шекті мөлшерден асып кетпегенін көрсеткені және ауа құрамына мониторинг әр 3 сағат сайын өткізіліп жатқаны туралы хабарлады.

Бұған дейін, қыркүйектің 18-і күні жергілікті сағат 17 кезінде Қарақия ауданындағы мұнай қалдықтарын төгетін қамбада өрт шығып, оның көлемі шамамен 5 мың шаршы метрді алғаны туралы ақпарат тараған еді.

XS
SM
MD
LG