Accessibility links

Алматыда жапон әскери тұтқындарын еске алды


Совет тұтқынында қаза болған отандастары жерленген зиратқа марқұмдарды еске алуға келген жапон азаматтары. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

Совет тұтқынында қаза болған отандастары жерленген зиратқа марқұмдарды еске алуға келген жапон азаматтары. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

Отызға жуық жапон азаматы Алматының орталық зиратындағы 1946-1948 жылдары совет тұтқынында қаза тапқан отандастары жерленген орында болды. Олардың кейбірі зиратқа отбасы мүшелерімен қоса келді. Өздерімен бірге жұмыс құрал-заттарын ала келген олар зират басынан жинаған шөп-шалам мен қоқыстарды өздері әкелген қапқа салды. Біреуі шөп оратын құралмен зират аумағын тегіс тазартып шықты.

Совет тұтқынында қаза болған отандастары жерленген зираттағы мемориалдың үстіне саке құйып тұрған жапон азаматы. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

Совет тұтқынында қаза болған отандастары жерленген зираттағы мемориалдың үстіне саке құйып тұрған жапон азаматы. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

Бір жарым сағатқа жалғасқан жұмыстаң соң жапондар қорым ортасындағы мемориалдың басына жиналды. Біреулері оның іргесіне гүл шоқтарын қойды. Бірнеше адам таяқшаларды тұтатып, оларды әлгі жерге қадап, қос алақанын төске таяу біріктіріп ұстап, осында жерленген марқұмдарға құрмет білдіріп біраз уақыт үнсіз тұрды. Жиналғандардың бірі жапонның ұлттық ішімдігі – саке құтысын ашып, оны мемориалдың үстіне және оның жанындағы жапон иероглифтері жазылған құлпытасқа құйды.

Бұдан соң осы топ марқұмдарды еске алуға арналған дастарханнан дәм татуға жапон мейрамханасына барды. Алматыда қаза тапқан жапон әскери тұтқындарын еске алу шарасын отандастары 1990-жылдардың басынан бері өткізіп келеді. Қазіргі кезде Алматыда Жапонияның дипломатиялық өкілдігі жоқ болғандықтан зират басына негізінен осында жұмыс істейтін жапон бизнесмендері келеді.

Совет тұтқынында қаза болған отандастары жерленген зират басын тазартып жатқан жапон азаматтары. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

Совет тұтқынында қаза болған отандастары жерленген зират басын тазартып жатқан жапон азаматтары. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

Жапон әскерилері Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында – 1945 жылы тамыз-қыркүйек айларында совет тұтқынына түскен. Қазақстанда олардың 60 мыңға жуығы тұтқында болған. Солардың бір бөлігін Алматыдағы 40-лагерьде ұстаған. Қазақстанда жапон тұтқындарының қаншасы қаза болғаны туралы нақты дерек жоқ. Кемінде мың жарым адам қазақ жерінде мәңгіге қалған деген болжам айтылады.

Алматыда жапон тұтқындары жерленген үш орын бар. Олардың ең үлкені – орталық зираттың солтүстік-шығысында (Рысқұлов даңғылынан оңтүстікке қарай) орналасқан. Ол жерде 145 адамның моласы бар. Барлығының пішіні мен басындағы тастары бірдей. Оларда ешқандай жазу жоқ. Бірақ жерленген сарбаздардың есімдері белгілі, олардың тізімі Астанадағы Жапония елшілігінде сақтаулы дейді жапон қоғамының белсенділері.

XS
SM
MD
LG