Accessibility links

Грекияда кезектен тыс парламент сайлауы өтіп жатыр


Сайлауға дауыс беріп жатқан Грекия азаматы. (Көрнекі сурет)

Сайлауға дауыс беріп жатқан Грекия азаматы. (Көрнекі сурет)

Грекия сайлаушылары бүгін кезектен тыс парламент сайлауына дауыс беріп жатыр.

Барлығы 19 саяси партия мен коалиция қатысып жатқан осы жолғы сайлауда негізгі тартыс қазір билікте отырған «Сириза» солшыл партиясы мен «Жаңа демократия» консервативтік партиясы арасында өтіп жатыр.

Бұл – өте күрделі қаржы дағдарысына тап болған елде соңғы алты жылда осымен бесінші рет өткізіліп отырған парламент сайлауы.

Биыл 20 тамызда биліктегі «Сириза» партиясының жетекшісі Алексис Ципрас премьер-министр қызметінен отставкаға кеткен соң, ел парламенті таратылып, кезектен тыс сайлау тағайындалған. Ципрастың халықаралық кредиторлардан қаржылай көмек алу үшін елде бюджетті қатаң үнемдеуге бағытталған көлемді реформаларды жүзеге асыруды мақұлдауы оны қолдайтын «Сириза» партиясында жік туғызған еді.

Бақылаушылар бұл сайлаудың жеңімпазына қаржы дағдарысында отырған елде қатаң бюджет саясатын жүргізуге тура келетінін айтады. Сонымен бірге, бұл жолы жеңіске жеткен партия 300 орындық жалғыз палатадан тұратын Грекия парламентінде басым көпшілік дауысқа ие бола алмай қалуы мүмкін деген болжамдар айтылып отыр.

Бұның алдында, 2015 жылы қаңтарда өткен кезектен тыс парламент сайлауында Ципрас басқаратын «Сириза» партиясы жеңіске жетіп, үкімет басына келген болатын.

XS
SM
MD
LG