Accessibility links

Мәскеу соты Коми басшысын екі айға қамады


Вячеслав Гайзер Мәскудің Басман сотында. 20 қыркүйек 2015 жыл.

Вячеслав Гайзер Мәскудің Басман сотында. 20 қыркүйек 2015 жыл.

Бүгін Мәскеудің Басман соты Ресей құрамындағы Коми республикасының басшысы, жақында қылмыстық топ құруға және алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталған Вячеслав Гайзерді екі айға тұтқындауға шешім шығарды.

Гайзер өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтып, соттан өзін үйқамақта ұстау туралы шешім шығаруды сұраған. Оның адвокаты Гайзердің тергеушілердің қойған сауалдарына толыққанды жауап беріп жатқанын мәлімдеген.

Гайзермен бірге «қылмыстық топқа қатысы бар» деген күдікпен барлығы 19 адам ұсталған. Олардың арасында Коми мемлекеттік кеңесінің басшысы Игорь Ковзель, Коми үкіметі төрағасының орынбасары Константин Ромаданов және Ресей парламенті жоғарғы палатасының Комиден сайланған бұрынғы мүшесі Евгений Самойлов бар.

Бұған дейін Ресей тергеу комитеті қылмыстық іс бойынша күдіктілерден тінту барысында «60 килограмға жуық қымбат әшекей бұйымдар, бағасы 30 мыңнан миллион долларға дейін жететін 150 дана сағат, заңды тұлғалардың 50-ден аса мөрлері, сонымен бірге офшорлар арқылы ұрланған бір миллиард рубльден аса ақшаны заңдастыру туралы құжаттар табылғаны» туралы хабарлаған еді. Бірақ шенеуніктерге нақты қандай айыптар тағылып отырғанын тергеушілер ашып айтқан жоқ.

48 жастағы Вячеслав Гайзер Коми республикасын 2010 жылдан бері басқарып келген, 2014 жылы осы қызметке қайта сайланған. Ол биліктегі «Единая Россия» партиясы Жоғарғы кеңесінің мүшесі.

XS
SM
MD
LG