Accessibility links

Басы жарылған тұтқын Семейге жіберілді


Тұтқын Ескендір Түгелбаевтың басы жарылғаннан кейін емдеу мекемесінде жатқан кезі.
Тұтқын Ескендір Түгелбаевтың басы жарылғаннан кейін емдеу мекемесінде жатқан кезі.

Шығыс Қазақстан облысы Жаңғызтөбе кенті түбіндегі түрмедегі (ОВ-156/18 мекемесі) тінту кезінде басына зақым келген тұтқын Ескендір Түгелбаевтың адвокаты Гүлнар Жуаспаева оның "Семейде орналасқан емдеу мекемесіне жіберілгенін" хабарлады.

Адвокат сөзіне қарағанда, тұтқын Түгелбаев қазір біреудің сүйемелімен ғана жүре алады, бірақ әлі сөйлемейді. Айтқысы келгенін жазып береді. Оны Семейге әкетер алдында видеоға түсірген. Адвокат "Түгелбаевты ауруханаға зембілмен көтеріп әкетті, өйткені ол өзі жүре алмайды" дейді.

Семейдегі емдеу мекемесі қызметкері Азаттыққа телефон арқылы Ескендір Түгелбаевтың келгенін растады.

Жарты ай бұрын Ескендір Түгелбаевты Семейдегі емдеу орны ОВ-156/18 түзеу мекемесіне ес-түссіз күйінде қайтарған болатын. Үш күннен кейін есін жиған ол сөйлей алмай, тергеуші және адвокатпен жазу арқылы түсініскен. Ол әлі өз бетінше жүре алмайды.

Ескендір Түгелбаев 12 мамыр күні жалпы режимдегі ОВ-156/18 колониясына әскер кіргізілгеннен кейін басынан жарақат алған. Болжам бойынша, оның бас сүйегі сынып, сүйек жарықшағы миына кірген. Семейге шұғыл жеткізілген тұтқын бірнеше күн ес-түссіз жатты.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша түрме басшылығы түзеу мекемесіне әскер кіргізілген кезде Түгелбаевтың "қарсылық көрсеткен себепті дубникадан соққы алғанын" растайды. Алайда түрме басшылығы оның жарақатына қатысты "эпилепсия ұстамасы кезінде өзі құлаған" деген пікір айтады.

XS
SM
MD
LG