Accessibility links

Йемен президенті Аденге оралды


Йемендегі Аден порты. Тамыз, 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Йемендегі Аден порты. Тамыз, 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Жарты жыл шетелде қуғында болған Йемен президенті елдің оңтүстігіндегі Аден портына оралғаны туралы ақпарат тарады. Аден әуежайы өкілдерінің хабарлауынша, Абд-Раббу Мансур Хади мінген ұшақ қыркүйектің 22-і күні қонған. Оны әуежайда өткен аптада уақытша үкімет құру үшін елге қайтып оралған премьер-министр Халед Бахах пен бірқатар министрлер қарсы алған.

Президент Абд-Раббу Мансур Хади былтыр наурызда қарулы хусит көтерілісшілері елдің көп бөлігін басып алған соң Сауд Арабиясына бас сауғалап барған еді. Бұдан соң Сауд Арабиясы бастаған араб елдері коалициясы президент Абд-Раббу Мансур Хади билігін қалпына келтіру үшін хуситтерге қарсы әуе шабуылдарын бастаған. Шілде айында коалицияның құрлықтағы күштерінің көмегімен үкімет әскері Аден қаласына қайтадан бақылау орнатқан.

Енді Йемен әскері солтүстікке, бір жыл бұрын хусит көтерілісшілері басып алған ел астанасы Сана қаласына қарай жылжымақшы. БҰҰ деректері бойынша, наурыздың соңынан бері Йемендегі қарулы жанжал салдарынан 4900-ға жуық адам мерт болған, олардың 2100-ден астамы – бейбіт тұрғындар.

XS
SM
MD
LG